Қазақстан банктері 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканы несиелеуді арттырғанымен, қорландырудың қымбаттауы сектордың пайыздық маржасына қысым көрсетіп отыр.
ҚҚҚ талдау орталығының мәліметінше, қаңтар-маусымда банктер экономикаға 20,4 трлн теңге жаңа несие берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 8,6%-ға көп. Өсім негізінен корпоративтік сегмент есебінен қамтамасыз етілді: бизнеске берілген жаңа қарыздар 20,7%-ға артқан, ал бөлшек несиелеу 3,6%-ға төмендеген.
Корпоративтік несие портфелі 4,3%-ға ұлғайды. ШОБ несиелері 14%-ға өскенімен, ірі бизнес портфелі 8,9%-ға қысқарды. Сарапшылар мұны қысқа мерзімді қарыздардың жоғары үлесімен және бұрын берілген несиелердің өтелуімен байланыстырады.
Бөлшек сегментте тұтынушылық қарыздарды беру 6,5%-ға азайды. Бірегей қарыз алушылар саны да 32 мың адамға қысқарды. Соған қарамастан бөлшек несие портфелі 4,3%-ға өсті.
Банк секторы үшін негізгі мәселе — қорландыру құнының активтер кірістілігіне қарағанда жылдамырақ өсуі. Жыл басынан бері қорландыру құны 79 базистік тармаққа, ал активтердің кірістілігі небәрі 35 базистік тармаққа артқан. Нәтижесінде таза пайыздық маржа 6,78%-дан 6,44%-ға, пайыздық спрэд 4,62%-дан 4,14%-ға дейін төмендеді.
Маржаның қысқаруы мен салықтық жүктеменің өсуі банктердің таза пайдасына да әсер етті.
Сонымен бірге сектордың тұрақтылық көрсеткіштері әзірге жоғары деңгейде қалып отыр. NPL 90+ үлесі 4,1%-ға дейін өскенімен, банктердің капиталы 5,6%-ға ұлғайған.
ҚҚҚ сарапшыларының бағалауынша, екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлеменің төмендеуі қорландыру құнының біртіндеп арзандауына мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда корпоративтік салымдардың қалпына келуі мен ұзақ мерзімді бизнес-несиелердің үлесін арттыру банктердің несие өсімін тұрақты пайыздық табысқа айналдыруы үшін маңызды фактор болып қала береді.





