Алматы облысы мен Франция арасындағы экономикалық байланыс айтарлықтай күшейіп келеді. Биыл өңірдің Франциямен тауар айналымы 58 млн долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 4,3 есеге немесе 330,3%-ға артты.
Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренжемен кездесуде мәлімдеді. Тараптар сауда, инвестиция, туризм және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақстанға Франциядан негізінен химиялық өнімдер, машина жасау жабдықтары, электротехникалық тауарлар және азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері жеткізіледі. Сонымен қатар француз компаниялары Алматы облысында бірқатар жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Атап айтқанда, Soufflet компаниясы құны 10 млн доллар болатын арпа өндіру жобасын іске асырған. Ал Danone компаниясы 6 млн доллар инвестиция салып, йогурт өндіретін екінші желіні іске қосуды жоспарлап отыр.
Кездесуде туризм мен білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге де назар аударылды. Алматы облысы француз тәжірибесін өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуда пайдалануға мүдделі.
Өңір басшысы француз инвесторларымен серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтті. Өз кезегінде Бас консул Максим Жеренже Қазақстанды Францияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі деп атап, су ресурстары, энергетика, білім, гастрономия және туризм бағыттарында бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік мол екенін айтты.
Алматы облысының билігі француз бизнесінің өңірге қызығушылығы артып отырғанын атап өтіп, алдағы уақытта инвестициялық және сауда жобаларын көбейтуге ниетті.





