Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өнеркәсіптік бау-бақша, жылыжай шаруашылығы және мал шаруашылығын дамыту арқылы агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтып келеді. Бұл бағыттармен журналистер Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында танысты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, саланы дамыту тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмейді. Негізгі міндет — шикізатты өсіруден бастап, дайын өнім өндіру, сақтау және экспортқа шығаруға дейінгі толық қосылған құн тізбегін қалыптастыру.
«Отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды. Ал салаға салынған инвестициялар өндірістің тұрақты өсуін, жаңа жұмыс орындарының ашылуын және елдің азық-түлік қауіпсіздігінің нығаюын қамтамасыз етуі тиіс», — деді ол.
Жеміс-жидек өңдеу және азық-түлік өндірісі
Баспасөз турының алғашқы нысандарының бірі — Fruit Art жеміс-жидек комбинаты. Кәсіпорын жемістер мен жидектерді терең өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және жыл бойы құлпынай өсіру бағыттарын біріктіреді. Нысан 2023 жылы пайдалануға берілген, инвестиция көлемі 44 млрд теңгені құрайды.
Кешен құрамында жылына 5 мың тоннадан астам шикізатты өңдеуге қауқарлы сублимациялық өндіріс, 15 мың тонна өнімге арналған арнайы жеміс қоймасы және 5,5 гектарлық жылыжай кешені бар.
Журналистер «Шин-Лайн» кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Бұл — Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі балмұздақ өндірушілердің бірі. Компания 36 брендпен 160-тан астам өнім түрін шығарады. Балмұздақтан бөлек, сүт өнімдерін, мұздатылған тағамдар мен тез дайындалатын кеспе өндіреді.
Кәсіпорын өнімдері Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстанды қоса алғанда, 10 елге экспортталады.
Астықты терең өңдеу және жылыжай шаруашылығы
Бидай мен жүгеріні өңдеуге маманданған «АзияАгроФуд» кәсіпорны да баспасөз турының бағдарламасына енді. Оның өндірістік инфрақұрылымына диірмен, крахмал-сірне кешені, құрама жем зауыты, элеватор және қоймалар кіреді.
Кәсіпорын тәулігіне 400 тоннаға дейін бидай тартып, 200 тоннаға дейін жүгері өңдей алады. Құрама жем өндіру қуаты тәулігіне 600 тоннаға жетеді. Элеватор бір мезгілде 15,2 мың тонна астық сақтауға арналған.
Өңірде жылыжай шаруашылығы да дамып келеді. 2009 жылдан бері жұмыс істейтін Green Land Alatau кешені шамамен 10,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда қызанақ, қияр және салат дақылдары өсіріледі. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты — 6,8 мың тонна өнім.
Сонымен қатар Есік жеміс консерві зауыты қызанақ пастасын, алма және өрік езбесін өндіреді. Кәсіпорын жылына 10 мың тоннадан астам шикізатты өңдейді.
Мал шаруашылығы мен өнеркәсіптік бау-бақша
Өңірдегі тағы бір маңызды бағыт — етті мал шаруашылығы. «Агро Балтабай» серіктестігі ірі қара өсірумен және бордақылаумен айналысады. Шаруашылықтың жемшөп базасы бар. Кешен 4 мың бас аналық мал мен бордақылауға арналған 6 мың бас ірі қараны ұстауға есептелген.
Ал өнеркәсіптік бау-бақша саласында Apple Bee кәсіпорны жұмыс істейді. Жоба 2020 жылы іске қосылып, оған 487 млн теңге инвестиция салынған. Алма бағының аумағы 120 гектарды құрайды, жоспарлы өндіріс көлемі жылына 3 мың тоннаға дейін жетеді.
Компания жыл сайын 300 мың данаға дейін элиталық алма көшетін өсіреді. Алма өнімі Қазақстан мен Ресейдің сауда желілеріне жеткізіледі. Ал табиғи, тікелей сығылған алма шырыны Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің нарықтарында сатылады.
Қазір кәсіпорын қосымша жеміс сақтау қоймасын салу мәселесін пысықтап, жобаны қаржыландыруды күтуде.
Жалпы, Алматы облысындағы мұндай өндірістер ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу деңгейін арттыруға, отандық өнім түрлерін көбейтуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жағдай жасайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеннің инфрақұрылымын жаңғырту және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарын жалғастыруда.





