Бізге жазылыңыз:

Ақмола облысында су тасқынынан қорғануға 5,5 млрд теңге бөлінді

Ақмола облысында су тасқынынан қорғануға 5,5 млрд теңге бөлінді

Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Үкімет Ақмола облысында халықты су тасқынынан қорғау деңгейін арттыруға 5,5 млрд теңге бөлді. Үш жобаны 2027 жылғы су тасқыны кезеңіне дейін аяқтау көзделген.

Қаражат Қалқұтан өзенінің арнасын тазартуға, «Основная» бөгетіндегі шлюз-қақпаларды жөндеуге және Иванковская бөгетін реконструкциялауға бағытталған.

Атап айтқанда:

  • 4,4 млрд теңге Астрахан ауданындағы Қалқұтан өзенінің түбін тереңдету, тазарту және нығайту жұмыстарына бөлінді. Жоба аясында өзеннің жалпы ұзындығы 20,8 шақырым болатын үш учаскесі тазартылып, Старый Колутон және Колутон ауылдарында екі топырақ бөгеті салынады.

  • 793,7 млн теңге Шортанды ауданындағы «Основная» бөгетінің шлюз-қақпаларын жөндеуге қарастырылған. Жоба су тасқыны кезінде суды ағызатын су төгіндісін салуды, сондай-ақ Жолболды өзені арнасындағы топырақ бөгетін тас төсеммен нығайтуды қамтиды.

  • 314,1 млн теңге Бұланды ауданындағы Иванковская бөгетін реконструкциялауға бағытталады. Ұзындығы 49 метр болатын су ағызу құрылғысы мен алты су қабылдау камерасы толық қалпына келтіріледі. Бұл еріген қар суының өтуін сенімді әрі дәл бақылауға мүмкіндік береді.

Гидротехникалық нысандарды жаңғырту және өзен арналарын тазарту су тасқыны қаупін азайтуға, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды су басудан қорғауға бағытталған. Сонымен қатар жобалар көлік қатынасының қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шамамен 9 мың тұрғынның қауіпсіздігін арттыруға, су сапасын жақсартуға және өңірдің су жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда

Ақмола облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

2025 жылы Аршалы ауданында қорғаныс бөгеті салынып, шамамен 15 мың адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бұланды ауданының Макинск қаласында шлюздері бар бөгет пен бетон науалар салу орманды-дала аймағынан келетін еріген қар суын қауіпсіз өткізуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Астрахан ауданында Қалқұтан өзенінің 4,7 шақырымдық учаскесінің арнасы тазартылып, түбі тереңдетілді. Соның нәтижесінде елді мекендерді су басу қаупі жойылды.

Ұқсас материалдар