Бізге жазылыңыз:

2029 жылға қарай Ұлттық қор активтері $70,6 млрд-қа жетеді

2029 жылға қарай Ұлттық қор активтері $70,6 млрд-қа жетеді

Қазақстанның Ұлттық қорының валюталық активтері базалық сценарий бойынша 2027 жылғы $65,2 млрд-тан 2029 жылы $70,6 млрд-қа дейін ұлғаяды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, 2027–2029 жылдары Ұлттық қорға түсетін жалпы түсім көлемі біртіндеп өседі. 2027 жылы ол 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге, ал 2029 жылы 5,7 трлн теңге болады деп болжанып отыр.

Бұл ретте Ұлттық қорға түсетін таза түсімдер де артады. Болжам бойынша, 2027 жылы көрсеткіш 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге деңгейінде қалыптасады.

«Базалық сценарий кезінде Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге және 2029 жылы 5,7 трлн теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр. Ұлттық қорға түсетін таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге және 2029 жылы 2,0 трлн теңге мөлшерінде болжануда», – деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар республикалық бюджетке бағытталатын кепілдендірілген трансферт көлемі де белгіленді. Бюджет қағидаларына сәйкес, 2027 және 2028 жылдары жыл сайын 2,4 трлн теңгені, ал 2029 жылы 2 трлн теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, аса маңызды инфрақұрылымдық және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферттер тарту жоспарланып отыр. Оның көлемі 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге болады.

Осылайша, болжамды кезеңде Ұлттық қор активтерінің өсуімен қатар, оның қаражатын бюджет пен ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға пайдалану жалғасады.

Ұқсас материалдар