Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 22-отырысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың құқықтық мәртебесі талқыланды.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей қызмет көрсететін немесе жұмыс атқаратын, жалдамалы қызметкерлерді пайдаланбайтын және салық заңнамасында белгіленген талаптарға сай келетін азаматтардың жаңа санаты.
Алайда қолданыстағы заңнама бұл санатты кәсіпкерлік субъектілеріне қоспайды. Соның салдарынан шағын және орта бизнес статистикасында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есепке алынбайды. Бұл Салық, Кәсіпкерлік және Әлеуметтік кодекстер арасындағы құқықтық сәйкессіздікке әкеліп отыр.
Жаңа Салық кодексі бойынша арнаулы салық режимін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын, жалдамалы жұмысшыларды тартпайтын және ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен аспайтын азаматтар пайдалана алады. Бұл режимде тек 4% көлеміндегі әлеуметтік төлемдер төленеді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жыл басынан бері 688,8 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелген. Оның ішінде 597 мың адам (87%) Яндекс, inDrive, Wolt сияқты цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейді, ал 91,5 мың адам (13%) қызметін өз бетінше жүзеге асырады.
Сонымен қатар 84,2 мың адам бұрын жеке кәсіпкер болған, ал 546,4 мың азамат алғаш рет ресми жұмыспен қамту және салық жүйесіне қосылды.
Жобалық кеңес қатысушылары өзін-өзі жұмыспен қамтуды экономикалық қызметтің дербес нысаны ретінде тану немесе оны кәсіпкерлікке өтудің аралық кезеңі не жұмыспен қамтудың ерекше санаты ретінде айқындау мәселесін қосымша талқылау қажет екенін атап өтті. Бұл шешім алдағы уақытта Кәсіпкерлік және Әлеуметтік кодекстерге енгізілетін өзгерістерге әсер етеді.
Отырыс барысында Ұлттық экономика министрлігі ЕАЭО елдерінің тәжірибесін де таныстырды. Беларусь пен Өзбекстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жалдамалы қызметкерлерді жұмысқа алуға рұқсат етілмейді. Өзбекстанда олар кәсіпкерлік субъектілері ретінде танылмайды. Арменияда микрокәсіпкерлік режимі қолданылады, ал Ресейде кәсіптік табыс салығын төлейтін азаматтар шағын және орта кәсіпкерлік жүйесіне енгізілген.
Талқылау қорытындысы бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың мәртебесін Әлеуметтік және Кәсіпкерлік кодекстерде бекітуге қатысты өзгерістерді қазіргі түзетулер пакетіне енгізбеу туралы шешім қабылданды. Бұл мәселеге келесі жылы, жаңа режимді қолдану тәжірибесі жинақталғаннан кейін қайта оралу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ отырыста өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушылар үшін электр энергиясының теңгерімдеуші нарығындағы операцияларға салық салу мәселесі қаралды.
Қатысушылар қолданыстағы заңнамада өнімді бөлу туралы келісімдер аясында жұмыс істейтін нарық қатысушыларының кейбір жағдайларда электр энергиясын сатып алу шығындары бойынша өтемақы алмайтынын атап өтіп, бұл мәселені заңнамалық деңгейде қосымша реттеу қажеттігін айтты.





