Жаңа жолдар, ұшақтар және логистика: Тоқаевтың Бельгиядағы келіссөздерінің нәтижелері
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне жасаған ресми сапары аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, саланы цифрландыруға және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық маңызды келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Сапардың басты нәтижелерінің бірі Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының жекелеген аспектілері туралы келісімге қол қойылуы болды. Құжат Қазақстан мен ЕО-ға мүше мемлекеттер арасындағы әуе қатынасын одан әрі ырықтандыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бағыттар желісін кеңейтіп, жолаушылар ағынын арттыруға және туризм мен іскерлік байланыстардың дамуына серпін береді.
Тараптар көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударды. Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Транскаспий халықаралық көлік бағытының құрамына кіретін автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру жөнінде келісім жасасты. Сонымен қатар Орта дәлізді дамытуға арналған халықаралық бизнес-конференция барысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын реконструкциялау жобасын іске асыру жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Теміржол саласында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен француздық Alstom компаниясы KZ6A сериялы электровоздарға сервистік қызмет көрсету бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім жылжымалы құрамның сенімділігін арттырып, теміржол тасымалдарының тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі көлік саласын цифрлық трансформациялау болды. Интеллектуалды көлік жүйелері мен «Е-жолдары» цифрлық платформасын енгізу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Жоба жол инфрақұрылымын басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ Қазақстанның Көлік министрлігі мен SITA B.V. компаниясы арасында әуежайларды цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында заманауи цифрлық шешімдер мен жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйелерін енгізу көзделген. Бұл әуежайлардағы қауіпсіздік деңгейін және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Отандық авиация саласы үшін маңызды оқиғалардың бірі Air Astana әуе компаниясы мен Airbus арасындағы Airbus A320neo әуе кемелерінің 50 бірлігіне дейін жеткізу жөніндегі тапсырысқа қол қойылуы болды. Келісім 25 нақты тапсырысты және қосымша 25 ұшаққа арналған опционды қамтиды. Әуе паркінің кеңеюі тасымалдарға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етіп, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік береді.
Сапар аясында Қазақстан мен Groupe ADP арасында ниеттер туралы бірлескен декларацияға да қол қойылды. Құжат авиация саласындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға, әуежай инфрақұрылымын жаңғыртуға және әуежай маңындағы аумақтардың экономикалық өсіміне жағдай жасауға бағытталған.
Халықаралық логистика саласында да маңызды келісімдер жасалды. KTZ Express компаниясы Midia Marine Terminal, Ecco Rail және A.P. Moller – Maersk секілді халықаралық серіктестермен бірқатар құжаттарға қол қойды. Тараптар мультимодальды тасымалдарды дамытуға, логистикалық қызметтер аясын кеңейтуге және Азия мен Еуропа арасындағы көлік дәліздерінің тиімділігін арттыруға ниетті.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы тағы бір маңызды қадам ретінде Еуропалық инвестициялық банк пен «ҚазАвтоЖол» арасында Қазақстан өңірлеріндегі автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобаларын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жобаларды іске асыру көлік инфрақұрылымының сапасын жақсартып, Қазақстанның Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.
Қол қойылған құжаттар пакеті Президенттің Бельгияға сапарының ең маңызды нәтижелерінің бірі болды. Бұл Қазақстан мен еуропалық серіктестер арасындағы өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетіп, көлік жүйесін жаңғыртуға, халықаралық байланыстарды кеңейтуге және қазақстандық көлік дәліздерінің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.





