Бізге жазылыңыз:

Туризмді дамытуға арналған заң: қандай өзгерістер болады

Туризмді дамытуға арналған заң: қандай өзгерістер болады
Қазақстан туризмді қолдауды күшейтеді жаңа заң сала мен туристер үшін нені өзгертеді. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. 

Құжат туристік саланы дамытуға қолайлы жағдай жасауға және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

— Жаңа заң аясында туризм заңнамасындағы негізгі ұғымдар нақтыланды. Атап айтқанда, гид, экскурсовод, туризм ресурстары және нысандары түсініктері айқындалды. Сонымен қатар гидтер мен экскурсоводтарды міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеу талабы алынып тасталды. Бұл мамандарға ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан еркін қызмет етуге мүмкіндік береді.

Заңда визит-орталықтардың қызметі алғаш рет құқықтық тұрғыдан реттелді. Олардың құқықтық мәртебесі, негізгі функциялары, орналасу тәртібі айқындалып, туризм нысандарының қатарына енгізілді. Мұндай орталықтар туристерге маршруттар, қызметтер мен инфрақұрылым туралы ақпарат беретін негізгі орындарға айналып, отандық және шетелдік қонақтарға қызмет көрсетудің бірыңғай стандартын қамтамасыз етеді, — делінген хабарламада.
Құжатта туристік инфрақұрылымды мемлекеттік қолдау шаралары да нақтыланды. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің визит-орталықтар, жол бойындағы сервис нысандары, орналастыру орындарын салу және қайта жаңғыртуға жұмсаған шығындарының бір бөлігі өтеледі. Сонымен қатар тау шаңғысы курорттарына арналған техника мен туризм көлігін сатып алу шығындарын өтеу мүмкіндігі қарастырылған.

— Туроператорларды қолдаудың қосымша тетіктері де енгізілді. Олардың шығындарын субсидиялау қарастырылып, туристік автобустардың мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінен өту рәсімін жеделдету көзделген. Сондай-ақ балалар үшін ұлттық парктерге кіру тегін болады, — делінген министрлік хабарламасында.
Заңда мемлекеттік қолдау алған туризм нысандарының қаражатын мақсатты пайдалануын бес жыл бойы мониторингтеу нормасы енгізілді. Бұдан бөлек, туристік ресурстар аумағындағы санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайына бақылау күшейтіледі.

Жалпы енгізілген өзгерістер ішкі және келу туризмін дамытуға берік негіз қалыптастыруға, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және білікті мамандарды тартуға бағытталған. Сонымен қатар заң мемлекеттік органдардың басым туризм аумақтарын айқындау және ақпараттық орталықтардың саланы қолдауға арналған ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау құзыретін бекітеді.

Қабылданған шаралар туристік инфрақұрылымды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және Қазақстанның қауіпсіз әрі тартымды туристік бағыт ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар