Бізге жазылыңыз:

Turan Resources Балқаш маңында алтын өндіреді

Turan Resources Балқаш маңында алтын өндіреді

Turan Resources Ltd жеке компаниясы Балқаш қаласына жақын, Саяқ кентінен солтүстік-батысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан Ақтас I және Ақтас II алтын кен орындарын игеруді жоспарлап отыр.

Жобаға сәйкес, кенді ашық әдіспен өндіру көзделген. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна алтын құрамды кенді құрайды. Жұмыс тәулік бойы вахталық әдіспен жүргізіледі. Кен орындарын игеру мерзімі шамамен 11 жылды құрайды, осы уақыт ішінде 12 млн тоннадан астам кен өндіру жоспарланған.

Жобаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым салынуда. Атап айтқанда, 110 кВ электр жеткізу желісінің құрылысы 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Байыту фабрикасы мен басқа да өндірістік нысандар электр энергиясын Балқаш ЖЭО-дан алады.

Ақтас I және Ақтас II кен орындары бір-бірінен небәрі 1 шақырым қашықтықта орналасқан. Сондықтан байыту фабрикасы, кен қоймасы және басқа да өндірістік нысандар екі кен орнына ортақ пайдаланылады.

Алтын қорының әлеуеті

Геологиялық зерттеулерге сәйкес, Ақтас II кен орнының жекелеген учаскелерінде алтынның мөлшері тоннасына 2,06 грамға дейін жетеді.

Тау-кен жұмыстары жоспарына сәйкес, Ақтас II кен орнындағы алтын қоры шамамен 10 тоннаны құрайды. Оның ішінде 5,5 тоннасы – С1 санатына, 4,5 тоннасы – С2 санатына жатады. Ал Ақтас I кен орнындағы С2 санаты бойынша қор 4,7 тонна деп бағаланған.

Осылайша, екі кен орнының жиынтық алтын қоры 14,7 тоннаға жуық болуы мүмкін.

Ақтас II кен орнында 24 кен денесі анықталған. Оның ішінде ең ірі төрт кен денесінде кен орнының алтын қорының шамамен жартысы шоғырланған. Олардың ұзындығы 800 метрге, ал тереңдігі 300 метрге дейін жетеді.

Жобаның жүзеге асуы өңірдегі алтын өндіру көлемін ұлғайтып, Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің дамуына серпін береді.

Дереккөз: qazba.kz

Ұқсас материалдар