Бізге жазылыңыз:

Түркістан облысындағы жолдарға ауыр жүк көліктерінен 12,3 млрд теңге шығын келді

Түркістан облысындағы жолдарға ауыр жүк көліктерінен 12,3 млрд теңге шығын келді
Түркістан облысында ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормаларын сақтамауы жолдардың мерзімінен бұрын тозуына себеп болып отыр. Бұл жүк тасымалындағы бақылау тетіктерін күшейтуді талап етеді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірде тіркелген ауыр жүк көліктерінің саны 36 784-ке жеткен.

Соңғы екі жыл ішінде осы көліктердің белгіленген салмақ нормаларын сақтамауы салдарынан облыс жолдары мерзімінен бұрын тозып, бүлінген.

Мамандардың есебінше, ауыр жүк көліктерінен жылына жиналатын салық көлемі 85,4 млн теңге болса, жол инфрақұрылымына келетін орташа жылдық залал 12,3 млрд теңгеге жетіп отыр.

— Былтыр Арыс қаласы аумағындағы облыстық маңызы бар КХ-8 «Өзбекстан Республикасының шекарасы — Шардара — Арыс — Темірлан» және КХ-92 «Арыс — Монтайтас» автомобиль жолдарына автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылды. Аталған жүйелер арқылы анықталған құқықбұзушылықтар автоматты түрде «Жол және салмақ бақылау» ақпараттық жүйесі арқылы ҚР Бас прокуратурасының Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне енгізіліп, айыппұл есептеледі. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін ауыр жүк тасымалдаушылар тарапынан 2 720 құқықбұзушылық тіркеліп, жалпы сомасы 437,1 млн теңге айыппұл салынған, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Биыл Сайрам ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек — Ақсу — Шаян — Мыңбұлақ — М-32» автомобиль жолының Қарамұрт және Ақсукент елді мекендері тұсында, сондай-ақ KXSR-16 «Ақсу — Көмешбұлақ» жолының Әйтеке би елді мекені маңында жаңа автоматтандырылған өлшеу станциялары іске қосылды. 2025 жылғы 1 наурыздан бастап бұл учаскелерде айыппұлдар ЕРАП жүйесі арқылы автоматты түрде есептеледі.

Сонымен қатар, 2026-2028 жылдар аралығында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына қосымша 11 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланып отыр.

Ұқсас материалдар