Түркістан облысында жыл басынан бері мақсатына сай пайдаланылмаған 47,6 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл көрсеткіш өңір бойынша белгіленген жылдық жоспардан асып түсті.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің мәліметінше, өңірдің жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Биыл пайдаланылмай жатқан 40 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Алайда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қайтарылған жер көлемі 47,6 мың гектарға жетті.
Қазіргі уақытта облыс аумағында 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаның иелігінде жалпы көлемі 4 млн 527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер тіркелген. Жер пайдаланушыларға жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану қажеттігі туралы тиісті хабарламалар жолданған.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жайылым тапшылығы. Жыл басында елді мекендер аумағында қоғамдық жайылымдардың жетіспеушілігі 531,1 мың гектарды құраған.
Бұл мәселені шешу үшін мемлекет меншігіне қайтарылған жайылым жерлерді ауылдық округтердің қарауына беру жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша биыл 161,9 мың гектар жайылымды қоғамдық қажеттілікке бекіту көзделген болса, бүгінгі күнге дейін 165,6 мың гектар жер ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым ретінде берілген.
Нәтижесінде өңірдегі жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарға дейін қысқарды. Бұл ауыл тұрғындарының мал жаю мәселесін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар жер заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда уәкілетті орган тарапынан 97 жер пайдаланушыға тиесілі 181 жер учаскесінің құжаттары қаралған.
Облыс әкімдігі пайдаланылмай жатқан және заң талаптарына сәйкес игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.





