Фермерлермен кездесуде Айдарбек Сапаров шаруашылықтар жер ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланып отырғанын атап өтті.
— Бүгінде заманауи технологияларды енгізіп, тұрақты дамып келе жатқан шағын және орта шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. Олардың табысты қызметі — елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі, — деді министр.
Жұмыс сапары барасында министр Қазақстандағы ең ірі агрокәсіпорындардың біріне аялдады. Кәсіпорын тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Мәселен, астық дақылдарының өнімділігі гектарына — 36,9 центнер, майлы дақылдар — 24,3 ц/га, мал азығы дақылдары — 78,15 ц/га, картоп — 335,38 ц/га.
Өндірістік паркте 252 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар, оның ішінде 69 комбайн, 120 трактор және 30 егіс кешенін атап өтуге болады. Компания құрамына 7 заманауи сүт-тауар фермасы кіреді, онда 11 128 бас ірі қара мал бар, оның 4 452-сі сауынды сиыр. Бір сиырға шаққандағы орташа сүт өнімділігі — 6 320 кг. Биыл жыл басынан 28 525 тонна сүт өндірілген.
Кәсіпорын қазіргі уақытта мегаферманың құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жоба өңірдегі заманауи және технологиялық тұрғыдан жетілген мал шаруашылығы кешені болмақ.





