13–16 маусым аралығында Қытайдың Бейжің қаласында өткен 2026 FIRST® LEGO® League Asia Open Championship халықаралық жарысында Семей қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің командасы II орын иеленді.
Жарысқа әлемнің 25 елінен 375 команда және 3500-ге жуық оқушы қатысты. Қазақстан атынан Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қызылорда және Абай облыстарынан 20-ға жуық команда бақ сынады.
Нәтижесінде Семейдің «SBIL•LION•AIRES» командасы күміс жүлдегер атанды. Алты оқушыдан құралған команда 2024 жылы Sapa Semey Alumni түлектер қауымдастығының қолдауымен құрылған.
Команда бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен. Атап айтқанда, Сингапурда өткен сайыста екінші орын алған.
Команда мүшесі Нұрсұлтан Оразалиннің айтуынша, Бейжіңдегі жетістікке бұған дейінгі жарыстарда жинақталған тәжірибе мен командалық жұмыс ықпал еткен.
«Биылғы чемпионатта өте сәтті өнер көрсеттік. Бұған дейінгі жарыстарда жинаған тәжірибеміз командалық жұмысымызды жетілдіріп, өзара түсіністігімізді нығайтуға көмектесті. Бейжіңдегі сайыста бірлескен жұмыстың арқасында жүлделі екінші орынға қол жеткіздік», – деді ол.
Семейлік оқушылардың нәтижесі қазақстандық жас робототехниктердің халықаралық деңгейдегі бәсекеде жоғары нәтиже көрсете алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.





