Бізге жазылыңыз:

Саудадағы ашықтық пен сапа: цифрлық таңбалаудың тиімділігі артты

Саудадағы ашықтық пен сапа: цифрлық таңбалаудың тиімділігі артты
Іс-шара «Аналитика өнері. Инновациялардан нәтижеге. Заңсыз айналымға қарсы жүйедегі 5 жыл» атауымен өтті.

Вице-министр өз сөзінде заманауи аналитиканың маңызын атап өтті. Бүгінде аналитика — басқарушылық шешімдер қабылдаудағы басты құралдардың бірі. Ол тәуекелдерді бағалап, дәлелді мемлекеттік саясат қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстан нақты әрі сенімді деректерге сүйеніп, цифрлық шешімдерді жүйелі түрде енгізіп келеді. 

Нүсіпов елімізде жүзеге асып жатқан негізгі бастамалардың бірі ретінде міндетті цифрлық таңбалауды атады. Бұл тәсіл заңсыз өнім айналымын анықтауда өз тиімділігін көрсетті. Мәселен, 2024 жылы анықталған заңсыз өнім көлемі 12,8 млрд теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 5,4 есе артқан. Сонымен қатар, салық тәртібі де айтарлықтай жақсарды.

Темекі өнімдері бойынша салық төлеушілер саны 32,5%-ға, ал аяқ киім бойынша 77,7%-ға көбейді. 2021 жылмен салыстырғанда аяқ киім импорты 40%-ға азайып, нарықтағы контрафактілік өнімдердің қысқарғанын көрсетті. 

Вице-министр техникалық реттеу саласындағы цифрлық трансформация жайында да тоқталды. Қазір зертханаларға цифрлық паспорттар енгізіліп, олардың аккредитация салалары өнім топтамаларының классификаторларымен сәйкестендірілуде. Сауда, сатып алу және кеден платформаларымен интеграция жүргізіліп, мемлекеттік органдар арасында автоматтандырылған дерек алмасу жолға қойылып отыр. Бұл шаралар өнім сапасы мен қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, тұтынушы құқықтарын қорғауға және нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ, вице-министр қазіргі уақытта әзірленіп жатқан «Деректер» ұлттық аналитикалық платформасына тоқталды. Жүйе электронды шот-фактуралар, фискалдық чектер, ресми статистика және өзге ақпарат көздеріндегі деректерді біріктіріп, сауда айналымына кешенді талдау жасауға мүмкіндік береді. Ол сәйкестік сертификаттарының қолданылуын бақылап, өңірлік баға динамикасын саралап, нарықтағы бұрмалаушылықтар мен заңсыз схемаларды анықтауға бағытталған. 

Нүсіпов заңсыз тауар айналымымен күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Қазақстан үшін аналитика — тек бір ведомствоға тиесілі құрал емес, бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ортақ шешімдер қабылдаудың негізі болуы тиіс. Осы ретте, Ұлттық ғылыми құзыреттер орталығының ортақ стандарттар мен әдістемелерді әзірлеудегі рөлі ерекше аталды.

Вице-министр сөз соңында бірлескен цифрлық шешімдерді әзірлеу, ортақ әдістемелік база қалыптастыру және аналитика саласындағы сенімді әріптестік орнату қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, аналитиканы тиімді мемлекеттік басқарудың тұрақты элементіне айналдыру – барлық елдер үшін ортақ мақсат болуы керек.

Бұған дейін хабарланғандай, осы жылдың соңына дейін базарларды жаңғырту жұмыстары аяқталады. Сауда және интеграция министрлігі екінші деңгейдегі банктермен базарлардағы тауар айналымын цифрландыруға және олардың ақша ағындарының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital bazar» жобасын іске асырып жатыр.

Ұқсас материалдар