Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Мемлекет басшысы Алматы қаласы мен оған іргелес елді мекендер тұрғындары тарапынан “Алматы – Қаскелең” жолындағы көлік қозғалысының жоғары жүктемесіне қатысты айтылып жүрген шағымдарға назар аударды. Президент жолды кеңейту жобасын дереу бастау туралы тапсырма берді. Мердігер осы аптаның соңына дейін қажетті техника мен жұмыс күшін жұмылдыруы қажет. Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр жоба құнының бекітілгенін және оның қымбаттауына жол берілмейтінін де атап өтті.
«Жобаны жүзеге асыру мақсатында сатып алынатын жер учаскелеріне қатысты алыпсатарлыққа жол берілмеуі үшін олардың құнын кешегі, 14 шілдедегі жағдай бойынша белгілеу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың мәліметінше, Алматыдан Қаскелеңге дейінгі 8 шақырымдық жол учаскесі 8 жолаққа дейін кеңейтіледі. Жоба Қазақстанның Даму банкі арқылы қаржыландырылады. Сондай-ақ 2 жолайрық пен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Нәтижесінде жолдың өткізу қабілеті екі есеге артады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, мегаполиске күн сайын 300 мың автокөлік кіреді, ал қала ішіндегі көліктерді қоса есептегенде, жол қозғалысының жалпы көлемі 1 миллионнан асады. Алматы – Қаскелең тас жолымен тәулігіне шамамен 60 мың автокөлік жүреді.
Сонымен қатар Алматы облысында Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жолдың құрылысы басталды. Бұл жоба Алматы – Қаскелең бағытындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Алматы – Есік және Алматы – Талғар бағыттарындағы жол жобалары, сондай-ақ рельсті көлік пен Алматы метросын дамыту мәселелері қаралды.
Тегтер:
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Қазақстан БҰҰ аясында су ұйымын құру бастамасын таныстырды
- 15 шілде, 2026
Алматыға шетелдік туристердің қызығушылығы күрт артты
- 13 шілде, 2026





