Бізге жазылыңыз:

Президент бюджет жоспарлауындағы негізгі басымдықтарды атады

Президент бюджет жоспарлауындағы негізгі басымдықтарды атады

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджетті жоспарлау мәселелеріне арналған кеңес өтті.

Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және Қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.

Кеңес барысында Президентке Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары мен республикалық бюджет параметрлері қаралды.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жоспарланған экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізу маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар ол республикалық және жергілікті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

Мемлекет басшысы алдағы үш жылға арналған бюджет саясатының негізгі бағыттарының біріне әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысын жеделдетуді жатқызды.

Атап айтқанда, ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары сияқты әлеуметтік маңызы бар объектілерді салу қарқынын арттыру тапсырылды.

Президенттің айтуынша, бюджетті жоспарлау кезінде экономикалық өсіммен қатар азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жобаларға басымдық берілуі қажет.

Дереккөз: Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы

Ұқсас материалдар