Премьер-министр 1 тамызға дейін тауарлық газды цифрлық есепке алуды тапсырды

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Үкімет отырысында тауарлық газды өндіруден тұтынуға дейінгі барлық кезеңде цифрлық есепке алуды 2026 жылғы 1 тамызға дейін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Газ тұтынуын есепке алу мен бақылау үшін цифрлық шешімдерді енгізу қажет. Бұл шығындарды азайтып, жүйенің ашықтығы мен басқарылуын арттырады. Осыған байланысты QazaqGaz компаниясына Энергетика министрлігімен бірлесіп цифрлық есепке алуды енгізуді тапсырамын», – деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, табиғи газ – экологиялық таза отын түрі және энергия көшуінің маңызды элементі. Қазақстанда газ – бұл жай ғана ресурс емес, ол азаматтардың өмір сапасына, экономика тұрақтылығына және өңірлердің дамуына тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар, Премьер инфрақұрылымды жаңғырту, газ өңдеу зауыттарын жедел салу және өңірлік деңгейде сұйытылған газды үлестіру процестерін цифрландыру қажеттігін атап өтті.
📌 Негізгі тапсырмалар:
-
1 маусымға дейін – жаңа газ кен орындарын игеру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
-
тамыз айының соңына дейін – жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын іске қосу;
-
2025 жылдың III тоқсаны – Қарашығанақ ГӨЗ бойынша инвестициялық шешім қабылдау;
-
Қашаған мен Жаңаөзендегі ГӨЗ құрылысына бақылау – «Самұрық-Қазына» қорында;
-
1 ай ішінде – өңірлердегі сұйытылған газды үлестіру процестерін автоматтандыру.
Сондай-ақ, газ құбырларын салу кезінде құбырларды дәнекерлеусіз қосатын шетелдік технологияларды енгізу үшін ұлттық стандарттарды жаңарту қажет екенін атап өтті. Жобаларды үйлестіру мен бақылау ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярға жүктелді.