
— Электр қуатын босату тарифі бұрынғы 29,04 теңгеден 32,58 теңгеге өсті. Яғни, өсім 12,2%-ды құрап отыр. Әу баста монополист компания бұл бағаны бірден 40%-ға өсіру туралы ұсыныспен шыққан. Бірақ біз барлығын қайта есептеп, факторларды ескере отырып дәлелді түрде 12,2%-ға түсірдік. Тарифтің өзгеруіне компанияның өзіндік шығындарының 29%-ға артып кетуі себеп болып отыр. Атап айтқанда, бірыңғай сатып алушы мен сатушы бағаны 24 теңгеден 32 теңгеге дейін көтерген. Екіншіден, кәсіпорында биыл орташа еңбекақы мөлшері 360 мың теңгеден 496 мың теңгеге дейін жоғарылады. Ол да тарифтің өзгеруіне себеп болды. Бұған қоса Павлодар электр тарату тораптарының шығыны 30%-ға артқан. Сондай-ақ монополист электр қуатын тасымалдау кезінде көптеген жеке компанияның желілерін пайдаланатынын ескеру керек. Мәселен биыл «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның желі пайдалану тарифтері 48%-ға, «ҚазСуШар» РМК-да ол 112%-ға көтерілген. Салдарынан әлгі компаниялардың желілері арқылы өтіп, тұтынушыларға жететін электр энергиясының өзіндік құны қымбаттаған, — деп түсіндірді тарифтің өзгеруіне әсер еткен факторларды Павлодар облысы табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов.
Анықтап білгеніміздей, тарифке қуат нарығындағы бағалардың өзгеруі де ықпал еткен. 1 мегаватт бұрын 1 млн 196 мың теңге тұрса, қазір ол 1 млн 400 мың теңге болып бекітілген.
— «Павлодарэнерго» тарифтік ұсыныстарында қосымша пайда болған шығындар 12 млрд теңге деп көрсетіп, орташа тарифті 37 теңге дейін көтеруге әрекеттенген. Бірақ біз өз тарапымыздан талдаулар жүргізе келіп, қосымша шығындарды 5 млн теңге дейін төмендеттік, негізсіз шығындарды алып тастадық. Нәтижесінде тариф тұтынушыларға аса ауырлық түсірмейтін деңгейде бекітілді. Мұның барлығы еліміздің Табиғи монополиялар туралы заңнамасы аясында жүзеге асты, — деп қосты Нұрлан Нұрмұратов.