Бізге жазылыңыз:

Мәжіліс қарауына банк қызметі туралы заң жобасы енгізілді

Мәжіліс қарауына банк қызметі туралы заң жобасы енгізілді
Заң жобасы Мемлекет басшысының қаржы секторын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Бүкіл банк секторы үшін бірыңғай әрі тиімді негіз құруға мүмкіндік береді. Банктерге қадағалау күшейтіліп, оларды ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптар өзгереді. Негізгі бастаманың бірі — базалық банктік лицензияны енгізу. Бұл жаңа банктердің нарыққа кіру шартын жеңілдетіп, бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ бизнесті несиелеуге оң әсер етеді. Сонымен қатар, қаржы ұйымдары басшыларына қойылатын стандарт күшейтіледі. Бұл басқару қызметіне тек кәсіби даярланған және адал мамандардың келуін қамтамасыз етеді, — деді Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева Мәжілістің жалпы отырысында.
Халық қалаулысының айтуынша, жаңа заң жобасындағы жаңашылдықтың бірі — төлем қабілетсіз банктерді реттеу тетігін енгізу. Проблемалық банктердің қаржылық тұрақтылығын қалпына келтірудің жаңа тәсілдері енгізіледі, бұл салымшылардың мүддесін қорғауға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

— Сондай-ақ, банктердің еншілес ұйымдарының қызметін реттеуді жетілдіру, сақтандыру, банктік және микроқаржылық мәселелер бойынша бірыңғай қаржылық омбудсман институтын құру, сонымен қатар исламдық банкингті дамыту үшін жағдай жасау көзделген. Бұдан бөлек, ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды құрудың, цифрлық теңгені және цифрлық активті айналымға енгізудің құқықтық негіздері қалыптастырылады. Осылайша, заң жобасы бәсекеге қабілетті, тиімді банктік және қаржылық нарықты құру мен дамытуға, қызмет сапасын арттыруға және азаматтарымыздың құқықтағын қорғауға бағытталған, — дейді комитет басшысы.

Ұқсас материалдар