Бізге жазылыңыз:

Мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға салынған тыйым мерзімі тағы жарты жылға ұзартылды

Мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға салынған тыйым мерзімі тағы жарты жылға ұзартылды
Биыл 21 мамыр мен 21 қараша аралығында елімізден мұнай өнімдерінің кей түрлерін экспорттауға уақытша рұқсат жоқ. Бұл жөнінде Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді.
Аталған шектеу автокөлік және теміржол арқылы тасымалға қатысты. Ал алдыңғы тыйым 2025 жылдың 21 қарашасынан бастап күшіне енген еді.

Ведомство мәліметінше, өнімдерді шетелдерге, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне шығаруға шектеу енгізіледі.

Осылайша, автокөлікпен бензин, дизель отыны және бірқатар мұнай өнімін (ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасындағы кодтары: 2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00) шығаруға тыйым салынады. Дегенмен, кей өнімдерге мұның қатысы жоқ. Атап айтқанда, бірқатар код бойынша майлау материалдарын, көлік құралдарының зауыттан шыққан жанармай бөшкелеріндегі отынын, тиісті келісім болған жағдайда ғылыми зерттеулерге арналған авиациялық отынды, сондай-ақ ҚР Үкіметінің шешімімен гуманитарлық көмек аясындағы өнімдерді шығаруға рұқсат беріледі.

Сонымен қатар, шекара маңындағы өңірлер үшін арнайы норма да қарастырылған. Зауыттан шыққан жанармай бөшкелеріндегі отын тиеген автокөліктер шекарадан тәулігіне бір рет қана өте алады.

Ал теміржол арқылы ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық қызметінің тауарлық номенклатурасындағы 2710 12 коды бойынша мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салынады. Әйтсе де, кей жағдайларда ғана жол беріледі. Бекітілген жеткізу жоспары бойынша бензин экспорттауға, сондай-ақ гуманитарлық көмек немесе төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін жіберілетін мұнай өнімдерін шығаруға рұқсат етіледі.

Ұқсас материалдар