
Машина жасау өңдеуші өнеркәсіптің негізгі секторының бірі ретінде оның жалпы көлемінің 19%-ын қамтамасыз етеді. Өсудің негізгі драйверлері: автомобиль (+12,1%), теміржол және басқа да көлік құралдары (+7,1%), ауыл шаруашылығы техникасы (+1,3%), электротехника (+21,5%), компьютер, электрондық және оптикалық жабдық (өсім 1,7 есе) өндірісі, сондай-ақ машина және жабдық жөндеу мен орнату (+12%).
Автоөнеркәсіп: жаңа зауыттар және модельдер қатарының кеңеюі
Автомобиль жасау машина жасау көлемінің шамамен 41%-ын береді. Бүгінде елімізде JAC, Chevrolet, KIA, Lada, Jetour, Hongqi, Skoda, Hyundai және Genesis брендтерін шығаратын екі автозауыт жұмыс істейді.
Биыл Қазақстанда тағы екі жаңа кәсіпорын — Алматыдағы мультибренд зауыты мен Қостанайдағы KIA зауыты іске қосылады. Алматыда CHANGAN, Haval және CHERY сияқты брендтердің автомобильдерін шығару жоспарлануда.