Бізге жазылыңыз:

Мақаншы ауданында күнбағыс майын өндіру зауыты іске қосылды

Мақаншы ауданында күнбағыс майын өндіру зауыты іске қосылды

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы бұл жобаның ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама екенін атап өтті.

«Бүгін біз облысымыздың, соның ішінде Мақаншы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы зор инвестициялық жобаның жүзеге асуына куә болып отырмыз. «Di-Nur company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбағыс тұқымын қайта өңдеу және өсімдік майын өндіру зауытының ашылуы – өңіріміздің өндірістік әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде өндірілетін өнімнің көлемін ғана емес, оның сапасын арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және экспортқа бағытталған бәсекеге қабілетті өнім шығаруға ерекше назар аударып келеді. Бүгін іске қосылып отырған кәсіпорын – осы міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын дәлелі. Мұндай инвестициялық жобалар облыс экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және жаңа өндірістердің қалыптасуына серпін береді. Ерекше атап өтерлігі, май өндіру зауытының негізгі инвесторы өзіміздің жерлесіміз, осы ауданның тумасы Серік Рамбаевтың туған жерге туын тігіп, осындай үлкен өндіріс орнын туған жеріне салып жатқаны үлгі боларлық қадам деуге болады. Баршаңызды жаңа кәсіпорынның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!», – деді Берік Уәли.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 7 миллиард теңгені құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыт тәулігіне 300 тонна күнбағыс майын өндіруге, сондай-ақ 500 тоннаға дейін күнбағыс дәнін тазалап, құрама жем шығаруға қауқарлы.

Кәсіпорын іске қосылуының нәтижесінде 20 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір артықшылығы – Мақаншы ауданының Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасуы. Бұл өндірілген өнімді сыртқы нарықтарға экспорттауға, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға және өңірдің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға жол ашады.

Зауыттың ашылуына аудан тұрғындары да оң бағасын білдірді.

«Сіздерді ауданымыздағы алғашқы өндіріс орнының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ауылдық жерлерге инвестиция тартудың маңызы ерекше. «Аягөз-Бақты» теміржолының құрылысы, Алакөл жағалауындағы ауқымды инвестициялық жобалар, Бақты ауылындағы мультимодальды құрғақ порт пен логистикалық парк құрылысының басталуы ауданның экономикалық мүмкіндігін арттырып, тың серпін береді. Бұл дегеніміз – мақаншылықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауданның дамуына үлкен мүмкіндік. Аудан тұрғындары атынан алғыс білдіремін», – деді аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әбен Разуев.

Биыл өңірде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Жол картасы аясында жалпы құны 23,7 млрд теңгені құрайтын 6 ірі агрожоба іске асырылуда. Соның ішінде ақпан айында «Агролидер KAZ» ЖШС бұршақты және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын іске қосты.

Бұдан бөлек, биыл қайта өңдеу саласында 8,3 млрд теңгеге «QAZAQ-ASTYQ GROUP» ЖШС базасында тазартылған (рафинадталған) май өндіру жобасы және 7,7 млрд теңгеге «Eurasia Agro Semey» ЖШС базасында ірі ет өңдеу зауыты іске қосылады деп жоспарланған.

Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында 2031 жылға дейін агроөнеркәсіп саласында 90 ірі агрожоба жүзеге асырылады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді кеңейтіп, ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға және экспорттық әлеуетті арттыруға серпін береді.

Ұқсас материалдар