Бізге жазылыңыз:

Ұлытау облысына тартылған инвестиция көлемі 1,7 пайызға артты

Ұлытау облысына тартылған инвестиция көлемі 1,7 пайызға артты
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз брифингі барысында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев мәлім етті.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық ахуалы мен алдағы ірі жобалар туралы кеңінен баяндалды.

Белгілі болғандай, 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында облысқа тартылған инвестиция көлемі 40,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге артқан. Бұл көрсеткіш өңірдің инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Биыл облыста жалпы құны 11,8 млрд теңгені құрайтын, 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 4 ірі жобаны іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта құны 49 млрд теңгені құрайтын ірі энергетикалық жоба пысықталып жатыр. PetroKazakhstan компаниясымен бірлесіп, энергия сақтау жүйесімен жабдықталған қуаты 100 МВт жел электр станциясын салу жоспарланған. Жоба аясында 24 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында өңірде жалпы сомасы 558 млрд теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба қалыптастырылған. Аталған жобалар 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Нәтижесінде екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Ауыл шаруашылығы саласында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. 2026–2027 жылдарға арналған жалпы құны 18 млрд 573 млн теңгені құрайтын 12 жобадан тұратын арнайы пул жасақталған.

Брифинг барысында Ұлытау облысында жұмыс істейтін Инвесторларға қызмет көрсету орталығының қызметі де атап өтілді. Фронт-офис мамандары жергілікті кәсіпкерлермен және шетелдік компаниялармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, инвестициялық, индустриялық-инновациялық және коммерциялық бағыттар бойынша кеңес береді. Қазіргі таңда жалпы құны 141,3 млн АҚШ долларынан асатын 5 әлеуетті инвестордың жобалары сүйемелденіп отыр.

Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құру жобасы да белсенді жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылы басталған жоба аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілу үстінде. Бұл жұмыстар 2026 жылдың маусым айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Қазіргі таңда индустриялық аймақта резеңке жабындылар, құрылыс материалдары, мойынтіректер, шыныпакеттер өндіру және қоймалық инфрақұрылым салалары бойынша бірнеше инвестор қызығушылық танытқан.

2026 жылғы 27 наурызда Қытай Халық Республикасында Ұлытау облысын қолдауға бағытталған жалпы құны 12,5 млрд теңгені құрайтын 6 меморандумға қол қойылды. Құжаттар тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, металлургиялық шлактарды қайта өңдеу және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыттарын қамтиды. Осы келісімдердің нәтижесінде Сиань қаласында Ұлытау облысының өкілдігі ашылды.

Өңірде тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта тұрғын үй қорын реновациялаудың жаңа бірыңғай бағдарламасы әзірленді. Талдау нәтижесінде облыстағы 1 545 көпқабатты тұрғын үйдің 457-сі тозығы жеткен, ал 63-і апатты жағдайда екені анықталған.

Сондай-ақ Жезқазған қаласында бұрынғы тоқыма фабрикасының ғимаратын қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылу үстінде. Қазіргі таңда инвестор бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Нысан үш блоктан тұрады. Болашақта мұнда даму институттары, қонақүй, мейрамхана, аумақтық ұйымдардың кеңселері, сондай-ақ шағын және орта бизнеске арналған коммерциялық және кеңсе орындары орналастырылады.

Ұқсас материалдар