Бізге жазылыңыз:

Ұлттық рейтинг агенттігі бизнеске қолжетімділікті арттырады

Ұлттық рейтинг агенттігі бизнеске қолжетімділікті арттырады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова кредиттік рейтинг агенттігін құру бастамасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, кредиттік рейтингтер инвесторлар, банктер және реттеушілер тарапынан кредиттік тәуекелдерді бағалау мен инвестициялық шешімдер қабылдауда кеңінен қолданылады.

- Жаңа рейтингтік агенттік қаржы нарығы инфрақұрылымының негізгі элементіне айналады деп есептейміз, – деді агенттік төрағасы.
Мәдина Әбілқасымова бұл бастама, ең алдымен, қор нарығына шығатын компаниялар үшін маңызды екенін атап өтті.

Оның сөзінше, қазіргі таңда шетелдік кредиттік рейтингтерді алу құны жоғары болып отыр, бұл әсіресе шағын және орта бизнеске айтарлықтай кедергі келтіреді.

- Ұлттық рейтингтік агенттік құрылған жағдайда, осы қызметтердің құнын төмендетеміз деп сенеміз. Бұл қор нарығын дамытуға және шағын әрі орта бизнестің дамуына серпін береді, – деді ол.
Сондай-ақ агенттік төрағасы Ұлттық банктің не себепті акционерлік құрылтайшы ретінде қатысатынын түсіндірді.

- Негізгі мақсат – сенімді институт қалыптастыру. Егер біз тек құқықтық базаны әзірлеумен шектелсек, бұл ұзақ уақыт алуы мүмкін. Сол себепті Ұлттық банкпен бірлесіп осындай шешім қабылдадық. Бұл қаржы секторының инфрақұрылымдық элементі болады және Ұлттық банк оның акционері ретінде қатысады. Алдағы бірнеше жылда оның акционерліктен шығу мүмкіндігі де қарастырылады, – деді Мәдина Әбілқасымова.

Ұқсас материалдар