«Ұлттық қор – балаларға»: тұрғын үй мен білімге 62,7 млн доллар пайдаланды
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 333 809 өтініш орындалып, азаматтардың банктік шоттарына 62,71 млн АҚШ долларына жуық қаражат аударылды. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры хабарлады.
Бағдарлама 2024 жылғы 1 ақпанда іске қосылғаннан бері қаражаттың негізгі бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалды. Осы мақсатта 216 060 өтініш қанағаттандырылып, 41,01 млн АҚШ доллары төленді. Ал білім алуға ақы төлеу үшін 117 749 өтініш бойынша 21,69 млн АҚШ доллары аударылған.
Тұрғын үй бағыты бойынша ең көп таңдалған мақсат – тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыру. Бұл мақсатқа 211 474 өтініш бойынша 40,25 млн АҚШ доллары бағытталған. Сонымен қатар азаматтар ипотекалық несие бойынша бастапқы жарна төлеуге және дайын тұрғын үй сатып алуға да қаражат пайдаланған.
Білім беру бағыты бойынша қаражаттың басым бөлігі Қазақстандағы оқу орындарының оқу ақысын төлеуге жұмсалды. Сондай-ақ білім беру жинақтау салымдарын толықтыруға және шетелдік жоғары оқу орындарының қызметтеріне ақы төлеуге де қаражат бағытталған.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, алушылар жинақтың толық сомасын немесе оның бір бөлігін пайдалана алады. Пайдаланылмаған қаражат нысаналы жинақтау шотында 10 жыл бойы сақталады, ал осы мерзім аяқталғаннан кейін ол ерікті зейнетақы жарналарына арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.
Еске салсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша әрбір балаға 130,71 АҚШ доллары, 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, ал 2023 жылы 100,52 АҚШ доллары есептелген болатын. Бұл қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестицияланып, жыл сайын инвестициялық кіріс есебінен ұлғаяды.
Қазіргі таңда бағдарламаға қатысатын балалардың жинақ көлемі:
-
үшінші жыл қатысушыларда – 370,56 АҚШ доллары;
-
екінші жыл қатысушыларда – 263,93 АҚШ доллары;
-
бірінші жыл қатысушыларда – 130,71 АҚШ доллары.
Баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты kids.enpf.kz сайтынан ЖСН арқылы, eGov.kz порталындағы жеке кабинеттен, eGov Mobile қосымшасынан және бірқатар екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларынан тексеруге болады.





