«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Stadler жолаушылар вагондары тежеу жүйесіне қатысты анықталған ескертулер толық жойылмайынша пайдалануға берілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында ҚТЖ басшылығы айтты.
Компания өкілдерінің сөзінше, сәйкессіздіктер жаңа жылжымалы құрамды қабылдау кезіндегі стандартты техникалық бақылау мен сапаны тексеру барысында анықталған.
«ҚТЖ» басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Ануар Ахметжановтың айтуынша, анықталған мәселелер Қазақстан темір жолында ғана емес, басқа елдердің теміржол әкімшіліктерінде де қолданылатын қауіпсіздік талаптарына қатысты.
— Тежеу жүйесі жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі элементтердің бірі. Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аударылады. Аталған сәйкессіздіктер жаңа вагондарды қабылдау кезінде жүргізілетін стандартты бақылау рәсімдері аясында анықталды. Мұндай талаптар барлық өндірушілерге бірдей қолданылады, — деді ол.
Сондай-ақ ҚТЖ Stadler компаниясының барлық ескерту 2026 жылдың ақпанына дейін жойылды деген мәлімдемесіне қатысты өз ұстанымын жеткізді.
Компанияның бағалауынша, қазіргі уақытта тежеу жүйелері қолданыстағы регламенттердің талаптарына толық сәйкес келмейді. Бұл туралы тиісті құжаттар мен техникалық актілер өндірушіге жолданған.
Өз кезегінде «ҚТЖ» басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов вагондарды қабылдау рәсімі аяқталуға жақын екенін айтты.
— Мамыр айында сынақтар өткізілді. Қазіргі уақытта қозғалыс кезінде және әртүрлі жылдамдық режимдерінде жүргізілген сынақтардың актілері Stadler компаниясының қол қоюында тұр. Теміржол әкімшілігі ретінде біз вагондарды қабылдауға дайынбыз. Алайда барлық ескерту толық жойылғаннан кейін ғана олар пайдалануға беріледі, — деді ол.
Осылайша, ұлттық тасымалдаушы жаңа вагондарды пайдалануға енгізу мерзімін қауіпсіздік талаптарының толық орындалуымен байланыстырып отыр.





