ҚР СІМ мен KAZENERGY энергетикалық дипломатияны дамыту мәселелерін талқылады
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен KAZENERGY қауымдастығы энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және шетелдік инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Қазақстанның энергетикалық әлеуетін халықаралық алаңдарда таныстыруға, шетелдік компаниялармен және халықаралық ұйымдармен байланыстарды нығайтуға басымдық берілді.
Тараптар сондай-ақ 2026 жылғы қазанда Эр-Риядта өтетін XXV WPC Energy Дүниежүзілік конгресіне Қазақстанның қатысуын талқылады. Ел бұл алаңды инвестициялық және технологиялық мүмкіндіктерін таныстыруға және 2028 жылғы конгресті Астанада өткізуге дайындықты ілгерілетуге пайдалануды жоспарлап отыр.
Келесі XXVI WPC Energy конгресі 2028 жылғы 11–15 маусымда Астанада өтеді. Тараптар іс-шараны Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 40-шы пленарлық отырысымен қатар өткізу мүмкіндігін де қарастырды.
Кездесу қорытындысында энергетикалық дипломатияны дамыту және Қазақстанның энергетика секторына шетелдік инвестиция тарту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.





