Бізге жазылыңыз:

Қорғалжын қорығына экожүйені сақтау үшін 40 млн м³ су жіберілді

Қорғалжын қорығына экожүйені сақтау үшін 40 млн м³ су жіберілді

«Қазсушар» РМК Қорғалжын-Теңіз көлдер жүйесіне кезекті табиғи су жіберу жұмыстарын жүргізді. Су айдындарының теңгерімін сақтау және табиғи экожүйелерді қорғау мақсатында 40 млн м³ су бағытталды.

Жұмысқа кәсіпорынның үш бөлімшесі — «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола филиалдары қатысты.

Қорғалжын-Теңіз көлдер жүйесі Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан. Ол өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтауда маңызды рөл атқарады және қоқиқаздар мен су маңында мекендейтін көптеген құс түрлерінің мекені саналады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның әр өңірінде жыл сайын табиғи су жіберу жұмыстарын жүргізеді. Оның негізгі мақсаты — су айдындарының тартылып кетуіне жол бермеу және жергілікті экожүйелердің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті су көлемін қамтамасыз ету.

Су жіберу кезінде «Қазсушар» мамандары гидротораптар мен су қоймаларының жұмысын тәулік бойы бақылайды. Олар судың өту барысын қадағалап, гидротехникалық нысандардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізеді.

Өткен жылы қабылданған жаңа Су кодексінде су экожүйелерін қорғаудың қосымша тетіктері бекітілді. Құжатта алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл — өзендер, көлдер мен теңіздер экожүйелерінің тұрақтылығын сақтау үшін қажетті судың ең төменгі көлемі. Сонымен қатар шағын су айдындарын қорғауға қойылатын талаптар күшейтіліп, сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі қарастырылды.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су ресурстарын қорғау ведомство жұмысының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Су нысандарын сарқылудан және ластанудан қорғау — шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Министрлік ауыл шаруашылығы алқаптарына суды тұрақты жеткізуді экологияға зиян келтірмей қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Су үнемдеу технологиялары мен заманауи есепке алу құралдарын енгізу экономика мен қоршаған орта қажеттіліктері арасындағы теңгерімді сақтай отырып, суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді», — деді министр.

Ұқсас материалдар