Бізге жазылыңыз:

Коммуналдық желілерді жаңғыртуға бөлінген қаржы 27,3 млрд теңгеге жетті

Коммуналдық желілерді жаңғыртуға бөлінген қаржы 27,3 млрд теңгеге жетті

Қазақстанда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялар көлемі ұлғайып келеді. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ алты өңір әкімдіктерінің жалпы құны 27,3 млрд теңге болатын облигацияларын сатып алып, бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға кірісті.

Қаржыландыру Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары мен Жетісу облысындағы жобаларды қамтиды. Бөлінген қаражат сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ коммуналдық салаға цифрлық технологияларды енгізуге бағытталады.

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласының су құбыры желілері қайта жаңғыртылады. Қазіргі таңда бұл желілердің тозу деңгейі 59%-дан асады.

Жамбыл облысында Тараз қаласының су құбыры және жылу желілері реконструкцияланады. Кейбір су құбыры желілері 60 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді, ал жекелеген учаскелердің тозуы 95%-ға дейін жеткен.

Жетісу облысында жылу, су құбыры және кәріз желілерін жаңғыртуға, сондай-ақ сумен жабдықтау мен су бұру нысандарын автоматтандыруға бағытталған жеті жоба іске асырылады.

Батыс Қазақстан облысында Ақсай қаласының кәріз желілері жаңартылмақ. Мұнда коммуналдық инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 79%-дан жоғары.

Қарағанды облысында Абай қаласының магистральдық жылу желілері қайта жаңғыртылып, «Қарағанды Су» ЖШС-нің су тазарту кешені модернизацияланады.

Қостанай облысында Рудный, Лисаков және Жітіқара қалаларындағы жылу желілері жаңартылып, энергия ресурстарын автоматтандырылған есепке алу жүйелері енгізіледі.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі төмендеп, жылу және сумен жабдықтау жүйелерінің сенімділігі артады, ресурстық шығындар қысқарып, көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарады. Атап айтқанда, Қарағанды облысында 695 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтылса, Жетісу облысында бұл көрсеткіш 60 мыңнан асады. Қалған өңірлерде де ондаған мың тұтынушы үшін коммуналдық қызметтердің сапасы жақсарады.

Ұлттық жоба аясында «Қазақстан Тұрғын үй Компаниясы» АҚ мемлекеттік қатысуы бар кәсіпорындардың жобаларын әкімдіктердің облигацияларын сатып алу арқылы, ал жекеменшік табиғи монополия субъектілерін кредиттерді субсидиялау тетігі арқылы қаржыландырады.

2026 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша компания 11 жергілікті атқарушы органның жалпы сомасы 104,3 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алған. Бұл ұлттық жоба аясындағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының қарқыны артып келе жатқанын көрсетеді.

Ұқсас материалдар