Бізге жазылыңыз:

Үкімет Қазақстандағы алғашқы карбамид зауытының құрылысын мақұлдады

Үкімет Қазақстандағы алғашқы карбамид зауытының құрылысын мақұлдады

Үкімет Маңғыстау облысында аммиак-карбамид кешенін салу жобасын іске асыру туралы инвестициялық келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жоба Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «KazAzot PRIME» ЖШС арасында жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі 804,2 млрд теңгені құрайды. Қазақстандағы алғашқы карбамид өндіру зауыты Ақтау қаласында салынып, 2030 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Құрылыс кезеңінде шамамен 1,5 мың адам жұмыспен қамтылса, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 700 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жобалық қуаттылық бойынша кешен жыл сайын 660 мың тонна аммиак, 580 мың тоннаға жуық карбамид және 500 мың тонна аммиак селитрасын өндіретін болады.

Үкіметтің мәліметінше, жоба агрохимия саласын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Қазіргі уақытта карбамид Қазақстанда өндірілмейді және толықтай импорт есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл өнім ауыл шаруашылығында ең көп қолданылатын азотты тыңайтқыштардың бірі саналады.

Жаңа өндірістің іске қосылуы ішкі нарықтағы сұранысты отандық өніммен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде азотты тыңайтқыштардың жалғыз отандық өндірушісі — «ҚазАзот» АҚ. Сонымен қатар елде карбамид өндіруге бағытталған тағы екі жоба жоспарланып отыр. Олар СНПС-Ақтөбемұнайгаз компаниясының қатысуымен жүзеге асырылатын бастамалар және KazESTA мен KMG PetroChem қолға алатын өндірістік жобалар.

Үкіметтің болжамынша, 2030 жылға қарай барлық жоспарланған инвестициялық жобалар іске қосылған жағдайда Қазақстандағы аммиак өндірісінің көлемі 2,3 млн тоннаға жетеді. Бұл елдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, тыңайтқыш өнімдерін экспорттайтын өңірлік ойыншылардың біріне айналуына мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар