Бізге жазылыңыз:

Үкімет 180 млрд теңгелік жол сервисі жобасын бекітті

Үкімет 180 млрд теңгелік жол сервисі жобасын бекітті

Үкімет жол бойындағы сервис инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобаны мақұлдады. Жоба аясында халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдар бойында 2030 жылға дейін 250 жаңа сервис стансасы салынады.

Премьер-министр қол қойған қаулыға сәйкес, ҚР Көлік министрлігі мен «Car Park Transformer» ЖШС арасында жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, жол бойындағы сервис нысандарын салу жөніндегі инвестициялық келісім бекітілді.

Үкіметтің мәліметінше, жобаға тартылатын жеке инвестиция көлемі 179,5 млрд теңгені құрайды.

Жоба бойынша автожолдар бойындағы қолданыстағы демалыс алаңдарында 250 сервис стансасы бой көтереді. Оның алғашқы 50 нысаны биыл пайдалануға беріледі.

Жаңа кешендерде санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар, сауда және қызмет көрсету орындары, электр көліктеріне арналған қуаттау стансалары мен күн энергетикалық қондырғылар қарастырылған. Сонымен қатар нысандардың айналасы абаттандырылып, көгалдандырылады.

Үкіметтің бағалауынша, жоба халықаралық стандарттарға сай жол бойындағы қызмет көрсету желісін кеңейтуге, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға және көлік секторына экологиялық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бастама өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына серпін беріп, шамамен 2 мың жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанның халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдары бойында 1 428 сервис нысаны жұмыс істейді.

Ұқсас материалдар