ЖАҢАЛЫҚТАР
							
							
													Қазақстанның тау-кен өндіру секторында $6 млрд инвестициялық жобалар іске қосылады
 
							– Біздің еліміз вольфрам, уран және хромит кені бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында, сондай-ақ марганец, күміс, мырыш және басқа да бағалы пайдалы қазбалар қоры бойынша да жетекші орындарда. Бұл ресурстар жаһандық энергетикалық өзгерістер аясында жоғары сұранысқа ие, – деді Е.Нағаспаев.
2024 жылы тау-кен, металлургия салаларының үлесі елдің ЖІӨ-нің 8%-ына тең болды, ал жалпы өндіріс көлемі 29 млрд доллардан асты, оның 21 млрд доллар болатын бөлігі экспортқа шығарылған.
– Бұл салаға инвестициялар 3,6 млрд долларға жетті, ал жақын арада бес ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны 6 млрд доллардан асады, бұл шамамен 8 мың жаңа жұмыс орнын құруға септігін тигізеді, – деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан қара металл, түсті металл және сирек жер металдарының негізгі жеткізушілерінің бірі болып отыр. Еліміз экспорттық өнімдерді де, өткізетін нарықтарды да әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
– Халықаралық жетекші компанияларымен қол қойылған меморандумдар мен келісімдер біздің осы бағытқа берік екенімізді айқын көрсетеді. Шетелдік инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылып келеді, олар маңызды минералдарды өндіру мен өңдеуге арналған. Барлық осы шаралар ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық үшін берік негіз қалыптастырады. Сол себепті біз геологиялық барлау және тау-кен компанияларын Қазақстандағы жаңа жобаларды дамытуға шақырамыз, – деді министр.





