Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын балаларын емдеуге жұмсай алады

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын балаларын емдеуге жұмсай алады

Бұл туралы тиісті өзгерістерді Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бекітті.

Құжатқа сәйкес, БЖЗҚ салымшылары кәмелетке толмаған балаларын емдеуге зейнетақы жинақтарын пайдалана алады.

Сондай-ақ министрлік өтініш беруші немесе оның заңды өкілі БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақталған қаражаттың көлемі туралы ақпаратты өзі алуы тиіс екенін нақтылады. Бұл қаражат емдеуге жұмсауға қолжетімді соманы анықтау үшін қажет.

Біржолғы зейнетақы төлемін емделуге пайдалану үшін өтініш беруші электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы уәкілетті оператордың интернет-ресурсында тіркеліп, жеке кабинет ашуы керек. Сол жерде ол пайдалану мақсатын және сомасын көрсете отырып, электрондық өтініш толтырып, ЭЦҚ арқылы растауы тиіс.

Егер азамат емдеуге жұбайының немесе жақын туысының зейнетақы қаражатын пайдаланатын болса, алушының жеке кабинетінде екі тарап өзара қаражат беру туралы келісімшартқа қол қояды, оны да ЭЦҚ арқылы растау қажет. Сонымен қатар неке немесе туыстық қарым-қатынасты растайтын құжаттар қоса тіркеледі.

Медициналық қызмет көрсетуге арналған арнайы шотқа қаражат түскен соң, алушы немесе оның заңды өкілі отандық немесе шетелдік медициналық ұйымды таңдай алады. Сонымен қатар, тіркелген емханасына барып, 220-баптың 3-тармағына сәйкес талаптарды анықтау үшін ВКК (дәрігерлік-консультациялық комиссия) қорытындысын алу туралы өтініш береді. Өтінішке жеке куәлік көшірмесі және профильді маманның қорытындысы қоса беріледі.

Құжатта сондай-ақ стоматологиялық қызметтер үшін зейнетақы қаражатын пайдалануға байланысты ережелер нақты көрсетілген. Атап айтқанда, медициналық ұйым ВКК қорытындысын емдеу алдында және емдеу кезінде электрондық немесе қағаз түрінде азаматқа беруі тиіс. Сондай-ақ ВКК қорытындысы медициналық ақпараттық жүйеге (026/у нысаны) екі жұмыс күні ішінде енгізілуі қажет.

Алушы немесе оның заңды өкілі ВКК қорытындысын және стоматологиялық емдеу шартының электронды нұсқасын уәкілетті операторға жолдайды. Уәкілетті оператор құжаттарды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде медициналық ұйымның арнайы шотына зейнетақы қаражатын аударады.

Тіс имплантациясы кезінде ВКК қорытындысын алу үшін емдеу жоспары, панорамалық немесе 3D рентген суреттері, клиниканың лицензиясы ұсынылуы керек. Егер бұрын имплантация жасалған болса және одан бері үш ай өтпесе, сол кездегі рентген-сурет пайдаланылады. Ал егер имплантация алғаш рет жасалса, диагностикалық сурет қажет.

🔔 Бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2025 жылғы 27 сәуірде күшіне енеді.

Ұқсас материалдар