
Көпшілікті қызықтырған жоба жарты жылда қаншалықты алға жылжығанын және қандай сатыда екенін анықтау үшін ведомствоға сауал жолдадық.
Көлік министрлігінің жауабына сәйкес, Urban Air Mobility (UAM) жобасын жеке инвестиция тарту арқылы жеке компания жүзеге асырып жатыр. Дегенмен, министрлікте UAM дамыту мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына: жеке ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, соның ішінде Қорғаныс министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, сондай-ақ облыс әкімдігінің өкілдері кірген.
— UAM жобасының мақсаты — аймақтың туристік тартымдылығын дамыту және әуе қозғалысының жаңа технологияларын енгізу арқылы көлік байланысын жақсарту. Әуе тасымалын Алматы қаласы мен Алатау қаласы арасында орындау жоспарланған. Осы жылдың сәуір айында қазақстандық компания мен шетелдік компаниялар арасында жұмыс кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша UAM бірлескен жобасын іске асырудың перспективалары талқыланып, ең алдымен Alatau City аумағында инновациялық әуе такси жүйесін енгізу мәселесі қарастырылды, — деп хабарлады министрліктен.
Сонымен қатар ведомство жауабында жобаның пилоттық сынақтары 2026–2027 жылдары Алатау қаласының аумағында өткізілетіні атап өтілді. Бүгінгі таңда қазақстандық компания халықаралық сарапшыларды тарта отырып, еліміздің климаттық жағдайында техникалық параметрлерін сынау және тіркеу үшін тік ұшып-қонатын әуе кемелерінің авиациялық және технологиялық мүмкіндіктерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Бұл зерттеулер, сондай-ақ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 2025–2026 жылдары жүзеге асырылатын болады. Одан бөлек компания Алатау қаласының аумағында сынақ ұшулары үшін уақытша алаңды жобалаумен айналысып жатыр, — делінген жауапта.
Ал Алматы облысының Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, Алатау қаласы аумағында орналасқан «Oiz Tulip» индустриялдық аймағында әуе таксиі жобасын іске асыру мақсатында ұшу аппараттарын ұшыру үшін тестілік орталық ашылған.
Сондай-ақ басқарма әуе таксиі ұшатын әуе дәлізін айқындау Қазақстан Республикасының «әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 15-бабы 6-тармағына сәйкес, Қорғаныс министрлігінің құзыретінде екенін хабарлады.