Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда вагон жасау өндірісі кеңейіп жатыр

Қазақстанда вагон жасау өндірісі кеңейіп жатыр

Қазақстанда вагон жасау саласын дамытуға бағытталған бірқатар ірі өндірістік жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, өткен жылы Астанада жылына 100 жолаушылар вагонын шығаратын Stadler Kazakhstan зауыты іске қосылған. Кәсіпорын 2030 жылға дейін Қазақстан темір жолы үшін 557 вагон жеткізеді. Биыл жаңа жолаушылар вагондары теміржол бағыттарына шығарылды.

Сондай-ақ жолаушылар вагондарын шығаратын ЗИКСТО кәсіпорнын жаңғырту жоспарланған. Жылдық өндірістік қуаты 200 вагонды құрайтын зауытта 2026–2027 жылдары құны 24 млрд теңгелік инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жоба аясында 470 жаңа жұмыс орны ашылып, өндірістегі жергіліктендіру деңгейі артады.

Бұдан бөлек, өткен жылы Атырау облысы аумағында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна өндіретін жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын қажетті сертификаттау рәсімдерінен өтіп жатыр және биыл алғашқы 70 вагонды шығаруды жоспарлап отыр.

Министрдің сөзінше, аталған жобалар отандық вагон жасау саласының өндірістік әлеуетін күшейтіп, теміржол техникасын ішкі нарықта өндіру үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар