
Осыған байланысты ерекше атап өтер жайт: алаңдауға себеп жоқ – экспорт жоспарлы режимде жалғасады.
Айта кетерлігі, елде сиыр еті тапшылығы жоқ. Бүгінде ірі қара мал басы 8,7 млн басқа жетіп, оның ішінде 4,5 млн сиыр тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға артық.
Төл алу көлемі де айтарлықтай өсіп, 2,7 млн бұзауға жетті (өсім 17,9%). Бұл көрсеткіштер өндіріс көлемін одан әрі арттыруға негіз қалайды.
1 тамыздан бастап айналым қаражатын толықтыру үшін бордақылауға арналған мал сатып алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл шара әсіресе шағын шаруашылықтар үшін маңызды, себебі олардың мал басын көбейтуге ынталандырады.
Сонымен қатар бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына тапсырылған әр келі ірі қара үшін 300 теңгеге дейінгі көтерілген субсидия нормасы өндірістің өсуіне қосымша серпін береді.
Ерекше көңіл австралиялық технология бойынша ет кластерлерін дамытуға бөлініп отыр. Бұл – бордақылау, сұрыптау және экспортқа шығару бойынша заманауи тәсіл, ол вертикальды интеграцияланған шаруашылықтардың қалыптасуын қамтамасыз етеді.
Өткен жылы пилоттық жоба аясында жалпы сомасы 9 млрд теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. Биыл да 11,7 млрд теңгеге 4 жоба қолдау тапты. Қолданылып отырған шаралар Қазақстанға ішкі нарықты сапалы сиыр етімен тұрақты қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті де сақтауға мүмкіндік береді.
Өндіріс көлемі мен қолдау шаралары ішкі сұранысты толық қамтып, экспорттық міндеттемелердің орындалуына кепілдік береді.
Күз келді, енді соғым маусымы басталады. Көпті алаңдататыны – еттің бағасы. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановқа осыған қатысты сауал қойған едік.
- Өңірлерде шамамен 50 мың тонна ет қоры бар, бұл - бірнеше айға жететін көлем. Бағаны реттеу механизмі жергілікті әкімдіктерге тиесілі. Ет тапшылығы жоқ. Ел ішіндегі баға саясатына импорттаушылар тарапынан қысым бар. Қымбаттауы мүмкін. Егер қымбаттаса, бағаны ұстап тұруға барлық механизм қарастырылған. Өйткені ет өндірісіне және оның өзіндік құнына қараймыз. Өзіндік құны - келісіне шамамен 1800–1900 теңге көлемінде. Ал қазір нарықтағы баға - 3500 теңгеден басталады, бұл - әлеуметтік баға, - деп жауап берді Азат Сұлтанов БАҚ өкілдерінің сауалына.
Сондай-ақ вице-министр барлық сауда алаңындағы бағаға талдау жасалғанын және тұрақты екенін айтып отыр.