Алматы облысында жылына 70 мың тоннаға дейін жеміс-жидек пен көкөніс өңдеуге қауқарлы жаңа өндірістік кешен пайдалануға берілді. Жобаны түркиялық Göknur Gıda және қазақстандық Alpecon Group компаниялары бірлесіп жүзеге асырды.
Кәсіпорын құрылысына 9,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның 7,1 млрд теңгесі даму институттарының қаржыландыруы есебінен қамтамасыз етілсе, қалған бөлігі инвесторлардың жеке қаражаты арқылы жабылған. Өндіріс алаңы 30 гектар аумақты қамтиды.
Зауыттың қазіргі өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна жеміс концентратын, пюре мен паста шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің негізгі бөлігі экспортқа бағытталған. Компания дайын өнімдерді Түркия бастаған сыртқы нарықтарға жеткізуді жоспарлап отыр.
Жобаның келесі кезеңінде кәсіпорында алма қалдықтарын терең өңдеу жолға қойылады. Атап айтқанда, тағам өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын пектин мен алма талшығын өндіру көзделген. Пектин өндірісі әлемде шектеулі елдерде ғана дамыған жоғары технологиялық бағыттардың бірі саналады.
Бүгінде кәсіпорында 100-ден астам адам жұмыспен қамтылған. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.
Инвесторлардың жоспарына сәйкес, 2028 жылға дейін Жетісу мен Түркістан облыстары аралығында ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдайтын арнайы желі құрылады. Бұл жүйе жергілікті фермерлерден шикізатты тікелей сатып алуға және экспортқа бағытталған өңдеу тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Göknur Gıda 1993 жылдан бері жеміс өсіру және табиғи шырын өндірумен айналысады әрі Түркияның ірі өнеркәсіптік компанияларының қатарына кіреді. Ал Alpecon Group 2024 жылы құрылған. Компанияның құрылтайшылары қатарында Самат Балабеков пен Capital NS компаниясы бар.





