Қазақстанда креативті индустрияға арналған QazaqCreative платформасы іске қосылды
Қазақстанда креативті индустрия өкілдеріне арналған QazaqCreative бірыңғай цифрлық платформасы жұмысын бастады. Жоба креаторлардың мемлекеттік қолдау тетіктеріне қолжетімділігін арттырып, шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Платформа авторлар, дизайнерлер, суретшілер, фотографтар, музыканттар, қолөнершілер және басқа да шығармашылық мамандармен қатар, студиялар, агенттіктер, продюсерлік орталықтар мен креативті индустрия саласында жұмыс істейтін ұйымдарға арналған.
QazaqCulture порталындағы QazaqCreative бөлімі арқылы тіркелген пайдаланушылар жеке кабинет ашып, жобалары мен қызметтері туралы ақпарат жариялай алады, сондай-ақ мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысуға өтінім береді.
Платформа гранттар, қаржыландыру тетіктері, білім беру және акселерациялық бағдарламалар, консультациялық және сараптамалық қолдау туралы ақпаратты бір жерге шоғырландырады. Сонымен қатар пайдаланушылар байқауларға, питчинг-сессияларға, форумдар мен көрмелерге қатысу мүмкіндігіне ие болады.
QazaqCreative тек креаторларға ғана емес, қазақстандық шығармашылық өнімдер мен қызметтерді іздейтін азаматтарға да арналған. Платформа арқылы отандық креаторларды тауып, олардың өнімдерін сатып алуға немесе қызметтерін пайдалануға болады.
Министрліктің мәліметінше, жаңа цифрлық сервис креативті экономиканың инфрақұрылымын дамытуға, шығармашылық жобаларды қолдауға және қазақстандық креативті индустрияның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.





