Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда КҚҚКБ беретін зертханаларға талап күшейтілді

Қазақстанда КҚҚКБ беретін зертханаларға талап күшейтілді

Қазақстанда көлік құралдарының конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті (КҚҚКБ) беру үшін сынақ жүргізетін зертханаларды аккредиттеу тәртібі жаңартылды. ҚР СИМ ТРМК Ұлттық аккредиттеу орталығы зертханаларды бағалау кезінде фото және бейнетіркеу тетігін енгізді.

Түсірілім аккредиттеу субъектісінің келісімімен және жасалған шарттар шеңберінде жүргізіледі. Фото және бейнетіркеу тәртібі Ұлттық аккредиттеу орталығының ішкі құжаттарында 2025 жылғы ақпаннан бері бекітілген.

Аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудиторлар зертханадағы әрбір сынақ жабдығын тіркейді. Атап айтқанда, жабдықтың зауыттық нөмірі, техникалық жағдайы, өлшеу диапазоны және жұмыс барысы фото және бейнеге түсіріледі.

Бұл жабдықтың нақты зертханада бар екенін және сынақ кезінде қолданылатынын растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жабдықты әртүрлі ұйымдар арасында уақытша ауыстырып қою тәуекелі азаяды.

Бақылау сынақтарының барысы да бейнетаспаға жазылады. Осы арқылы зертхананың жұмысты өз күшімен орындайтыны, мәлімделген жабдықты пайдаланатыны және қажетті білікті мамандары бар екені тексеріледі.

«Фото және бейнематериалдар бағалаудан кейін туындауы мүмкін даулы жағдайларды болдырмауға да көмектеседі. Олар қандай жабдықтың пайдаланылғанын және сынақтардың қалай жүргізілгенін объективті түрде растауға мүмкіндік береді. Түсірілім аккредиттеу субъектілерінің келісімімен және жасалған шарттар шеңберінде ғана жүзеге асырылады», – деп атап өтті Ұлттық аккредиттеу орталығында.

Жаңа тәсілдің тиімділігі пилоттық жоба барысында расталды. Қазір фото және бейнетіркеу КҚҚКБ беретін зертханалармен қатар, салыстырып тексеру және калибрлеу, экологиялық сынақтар және бұзбай бақылау жүргізетін зертханаларды бағалау кезінде де қолданылады.

Жаңа тетік арқылы қазіргі уақытқа дейін 55 зертхана бағалаудан өтті.

Жабдықты цифрлық сәйкестендіру енгізілуде

Аккредиттеу рәсімдерінің қадағалануын күшейту үшін ҰАО КҚҚКБ беруге қатысатын сынақ зертханаларындағы жабдықтарды сәйкестендіру жобасын да жүзеге асыруда.

Арнайы таңбалау бағалау кезінде жабдық туралы ақпаратты жедел түрде цифрлық форматта тексеруге мүмкіндік береді. Сәйкестендіру аккредиттеу субъектілерінен өтінімдер түсуіне қарай тұрақты жүргізіледі.

2026 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша жабдықтар 40 субъектінің нысанында сәйкестендірілді.

Сонымен қатар көлік саласындағы сынақ зертханалары үшін меншіктегі жабдықтың ең төменгі үлесі 95% деңгейінде белгіленді. Бұл талап номиналды аккредиттеу тәжірибесін азайтып, жүргізілетін сынақтардың сенімділігін арттыруға бағытталған.

Келешекте фото және бейнетіркеу тетігін заңнамалық деңгейде бекіту жоспарланып отыр. Тиісті өзгерістер қабылданған жағдайда бұл тәсіл аккредиттеудің міндетті элементіне айналып, зертханалардың нақты техникалық мүмкіндігін бағалауды күшейтеді.

Ұқсас материалдар