Қазақстанда туризм саласын дамытуға бағытталған жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, инвестиция тарту туристік саланың тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі болып отыр.
Бүгінде елімізде бірқатар ірі туристік нысандар пайдалануға берілген. Олардың қатарында Алматы облысындағы құны 57 млрд теңгені құрайтын «Oi-Qaragai» тау курорты, Қонаев қаласындағы 11 млрд теңгелік «ASP Arena» спорттық-ойын-сауық кешені және құны 2 млрд теңге болатын «PetroRetail PFS» көпфункционалды жол бойы сервис орталығы бар.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда іске асырылып жатқан 328 жоба нәтижесінде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар елімізде халықаралық стандарттарға сай 25 қонақ үй пайдалануға беріледі.
2027 жылдың соңына дейін аяқталатын ең ірі жобалардың қатарында Шымкент қаласындағы 17,5 млрд теңгелік «Hilton» қонақ үйі, Қонаевтағы 28 млрд теңгелік «Marriott» қонақ үй кешені және құны 53,3 млрд теңгені құрайтын «Жібек жолы» курорттық-ойын-сауық кешені бар.
Үкіметтің мәліметінше, туристік инфрақұрылымға салынған инвестициялар өңірлердің тартымдылығын арттырып, сервистің сапасын жақсартуға және ішкі әрі халықаралық туризмнің дамуына серпін береді.





