Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда ғылымды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа жоспары әзірленуде

Қазақстанда ғылымды дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа жоспары әзірленуде

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен 2026–2030 жылдарға арналған Ғылымды стратегиялық дамытудың кешенді жоспарының жобасы қаралды.

Жоспарды Ғылым және жоғары білім министрлігі, Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және бірқатар мемлекеттік органдар бірлесіп әзірледі. Құжат ғылымды басқару жүйесін жаңғыртуға, кадрлық әлеуетті күшейтуге, өңірлік ғылымды дамытуға және бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастыруға бағытталған 72 іс-шараны қамтиды.

Жаңа модельде ғылымның басымдықтары төрт деңгей бойынша айқындалады: ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық дербестікке арналған стратегиялық жобалар, технологиялық серпіліс бағыттары, іргелі және инженерлік зерттеулер, сондай-ақ ғылыми кадрлар мен инфрақұрылымды дамыту.

Аида Балаева мемлекеттік қолдау нақты нәтижесі бар, өндіріске енгізіліп, коммерцияландыру әлеуеті жоғары ғылыми жобаларға ғана берілуі тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар кеңесте Ұлттық ғылым академиясының сегіз пәнаралық флагмандық жобасы, Кореяның KISTI институтымен құрылған SilkNet орталығының жұмысы және Қытай ғылым академиясымен бірлескен DeepBas жобасы таныстырылды. Бұл жоба жасанды интеллект көмегімен су ресурстарын басқаруға бағытталған және 2027 жылы еліміздің үш ірі су алабында пилоттық режимде іске қосылады.

Кеңес қорытындысында ғылым мен инновацияны дамыту жоспарларын бір құжатқа біріктіру, ғылыми-зерттеу институттарына толық түгендеу жүргізу және олардың ғылыми-инфрақұрылымдық әлеуетін күшейту тапсырылды.

Ұқсас материалдар