Қазақстанда электромобильдерге арналған қуаттандыру станциялары көбейіп келеді
Қазақстанда электромобильдерге арналған зарядтау инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта негізгі автомобиль бағыттарының бойында 13 өңірде 62 электр көлігін қуаттандыру станциясы (ЭҚС) жұмыс істейді.
Станциялардың ең көбі Алматы және Жамбыл облыстарында — 12-ден, сондай-ақ Ақмола және Қарағанды облыстарында — 8-ден орналасқан. ЭҚС Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында да бар.
Зарядтау желісі негізгі көлік бағыттарын қамтиды. «Астана – Алматы» автожолында 13 станция, «Астана – Петропавл» бағытында 7, ал «Алматы – Өскемен» трассасында 6 станция жұмыс істейді.
Халықаралық дәліздердегі инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілуде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойында 19 ЭҚС орнатылған.
Қолданыстағы станциялардың қуаты 60-тан 320 кВт-қа дейін жетеді. Бұл электромобиль иелеріне ұзақ сапарларды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Желі алдағы уақытта да кеңейтіледі. 2026 жылы халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында 27 жаңа жол бойы сервис нысанын салу жоспарланған. Олардың бір бөлігінде электр көліктерін қуаттандыру станцияларын орналастыру көзделген. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трассасында тағы 7 ЭҚС орнату жоспарланып отыр.
Көлік министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және жол бойындағы сервис нысандарының инвесторларымен бірлесіп, жаңа станцияларды іске қосу және қолданыстағы объектілерді ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде.





