
— Заң жобасы аясында тұтынушыларға қаржылық қызметтерді көрсету процесін жаңа қадағалау саясатын, яғни іс-қимылды қадағалау моделін енгізу көзделген. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін пруденциялық қадағалаудан айырмашылығы, жаңа іс-қимылды қадағалау моделі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың тәуекелдерін төмендетуге бағытталған. Жаңа қадағалау моделінің мақсаттары тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, адал бәсекелестікті дамытуды және дауларды сотқа дейін реттеудің тиімді тетіктерін құруды, сондай-ақ жария етілген ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын бақылауды қамтиды, — деп атап өтті Агенттік төрағасы.
Ұсынылған тәсілдер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі 12 қағидаттарына негізделгенін атап өткен жөн. Аталған стандарттар қаржы саласындағы әлемдік стандарттарды белгілейтін Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңеспен мақұлданған.
Қағидаттар қаржылық қызметтерді реттеудің бүкіл ауқымын, оның ішінде нормативтік базаны қалыптастыруды, тұтынушыларға әділ және тең қарауды, алаяқтықтан қорғауды, дербес деректерді қорғауды және шағымдарды қараудың тиімді тетіктерін құруды қамтиды. Іс-қимылды қадағалауды енгізуді қамтамасыз ету үшін Заң жобасында қаржы өнімдерін басқаруға, толық және шынайы ақпаратты жария етуге, жосықсыз практикаларды болдырмауға, сондай-ақ қаржы ұйымдарының уәкілетті агенттер мен делдалдардың қызметі үшін жауапкершілікті қабылдауға қойылатын талаптар белгіленеді.
— Заң жобасында банк, сақтандыру және микроқаржылық қызметтер бойынша қаржы омбудсменінің бірыңғай офисін құру көзделген, бұл азаматтардың жолданымдарын қараудың біркелкілігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау үшін дауларды сотқа дейін реттеудің үш деңгейлі жүйесі енгізіледі. Мәселен, қаржы ұйымында шағымдарды бастапқы қарау, кейіннен қаржы омбудсманына және жүйелік бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті органдарға жүгіну көзделген», — деді Әбілқасымова.
Банктер туралы жаңа заң жобасында технологиялық өзгерістер, экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру, бәсекелестікті күшейту және нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, сондай-ақ қаржылық-технологияларды ілгерілету және цифрлық активтердің айналымын ырықтандыру мәселелері ескеріледі.
Осыған дейін Мәдина Әбілқасымова алаяқтардың тұзағына түспеудің тәсілін айтты.