2025 жылдың соңында Қазақстанда 4 894 ауыл шаруашылығы кооперативі қызмет атқарды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 429 кооперативке немесе 9,6%-ға көп.
Кооперативтер санының өсуі елдің барлық дерлік өңірлерінде байқалды. Ең жоғары өсім Ұлытау, Павлодар, Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Ал кооперативтер ең көп шоғырланған өңір – Түркістан облысы. Мұнда 994 кооператив жұмыс істейді, бұл республикадағы жалпы көрсеткіштің бестен бірінен астамын құрайды.
Негізгі қызмет түрлері бойынша мал шаруашылығымен айналысатын кооперативтер басым. Олардың саны 1 882-ге жетті. Сонымен қатар аралас ауыл шаруашылығы бағытындағы 1 554 кооператив қызмет көрсетуде.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы кооперативтері өндірген өнім көлемі қолданыстағы бағамен 117,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40,2%-ға жоғары көрсеткіш. Өнімді өткізу көлемі де 22,2%-ға артқан.
Сондай-ақ кооперативтердің ауыл шаруашылығы техникасымен қамтамасыз етілу деңгейі жақсарды. Бір жыл ішінде тракторлар саны 24,9%-ға, ал соқалар саны 11,1%-ға көбейді.





