
Бірінші вице-премьер Қазақстан Airbus өнімдерін көп сатып алатынын айтып өтті.
— Шынымен де Airbus компаниясының өкілдерімен кездестім. Өкінішке қарай, қазір мемлекеттің үлесі бар «Қазақстан авиация индустриясы» компаниясының қаржылық жағдайы қиын. Компания басшылығының әрекеттері осындай жағдайға әкелді. Қылмыстық іс те қозғалған. Құқық қорғау органдары шешім шығарады. Бұл мәмленің мәні мынада. Біз Airbus-тың өнімін, ұшақтары мен тікұшақтарын сатып алып отыр екенбіз, оларға қызмет көрсететін орынды дәл Қазақстанның өзінде ұйымдастыруымыз керек. Шетелден сатып алған әуе кемелерін шетелде жөндету тәжірибесі дұрыс емес, — деді ол.
Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда Airbus сияқты алпауыт компаниялардың өкілдігін ашудың жағымды тәжірибесі бар.
— Алматы облысында тікұшақ жөндейтін зауыт табысты жұмыс істеп тұр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы мәселемен айналысып жатыр. Қорғаныс министрлігі де бұл стратегияны қолдап отыр. Әуе техникасы өзімізде жөнделіп, өзімізде жұмыс орындары ашылу керек. Тиісті құзыреттер де өзімізде қалыптасуы керек. Шетелдік сервис компаниялары тапқан табыс та өзімізде қалу керек. Бұл — біздің ұстаным. «Қазақстан авиация индустриясы» компаниясы өзі бөлек жұмыс істейді. Оның сыртында Airbus-тың орталығы бөлек ашылады, — деді Премьер-министрдің орынбасары.