Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда 50-ден астам жасанды интеллект агенті іске қосылды

Қазақстанда 50-ден астам жасанды интеллект агенті іске қосылды

Қазақстанда цифрлық трансформация аясында жасанды интеллект технологияларын енгізу қарқын алып келеді. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде экономиканың негізгі салаларын қамтитын 50-ден астам ЖИ-агент жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта өнеркәсіп, энергетика, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да бағыттарды қамтитын 72 саланы біріктіретін цифрлық трансформацияның 20 картасы бекітілген. Бұл шешімдер мемлекеттік қызметтерді оңтайландырып, бизнес үшін әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласында Cerebra AI жүйесі инсультті ерте анықтауға көмектесіп, енгізілген өңірлерде өлім-жітім деңгейін 40%-ға төмендеткен. Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған ЖИ-көмекшілер, тәулік бойы жұмыс істейтін салықтық ассистент және қаржыландыруға өтінімдерді сүйемелдейтін цифрлық сервистер пайдалануға берілген.

Министрлік алдағы уақытта алаяқтық қоңырауларды автоматты түрде анықтап, бұғаттайтын антифрод жүйелерін енгізуді және мемлекеттік қызметкерлерді ЖИ құралдарын қолдануға оқытуды жоспарлап отыр.

Ведомствоның айтуынша, бұл бастамалар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, цифрлық экономиканың дамуына жаңа серпін береді.

Ұқсас материалдар