Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда 2029 жылға дейін цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі басталады

Қазақстанда 2029 жылға дейін цифрлық трансформацияның жаңа кезеңі басталады

Жасанды интеллект білім беру, медицина, мемлекеттік қызметтер, өндіріс, қаржы және көлік салаларына кеңінен енгізілмек.

Қазақстан 2029 жылға дейін цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған жаңа кезеңге көшеді. Үкімет Президенттің Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі Іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжат азаматтардың өмірін жеңілдетуге, бизнестің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

AI білім беру жүйесіне кеңінен енеді

Жоспардағы негізгі бағыттардың бірі – жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу. 2029 жылға қарай мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарын бітірушілердің кемінде 80%-ы AI бойынша базалық білімге ие болуы тиіс.

Сонымен қатар педагогтердің біліктілігін арттыру және студенттерді жасанды интеллект бойынша тереңдетіп даярлау көзделген. 2028 жылға дейін колледждер мен ЖОО-лардың кемінде 80%-ында AI технологиялары оқу процесіне енгізіледі.

Мемлекеттік қызметтерді алу жеңілдейді

Цифрландырудың тағы бір мақсаты – азаматтардың мемлекеттік қызметтерге жұмсайтын уақытын қысқарту. Ол үшін жасанды интеллект, проактивті сервистер және автоматтандырылған процестер кеңінен қолданылады.

2029 жылға қарай мемлекеттік қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын көрсету уақыты кемінде 50%-ға қысқартылмақ.

Денсаулық сақтау саласында да цифрлық экожүйені дамыту жоспарланған. Медициналық ұйымдар бірыңғай цифрлық контурға біріктіріліп, деректерді нақты уақыт режимінде алмасу мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен бірге медициналық self-service сервистері мен клиникалық шешім қабылдауда AI қолдану ауқымы ұлғаяды.

Өнеркәсіп пен энергетика цифрланады

Digital Qazaqstan жоспары экономиканың негізгі секторларын да қамтиды. Энергетика, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және агроөнеркәсіп кешенінде цифрлық технологияларды пайдалану күшейеді.

Энергетика саласында 2029 жылға қарай активтердің кемінде 70%-ын цифрлық мониторингке қосу жоспарланып отыр. Бұл жабдықтардың жағдайын онлайн бақылап, ықтимал ақауларды алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Құрылыс саласында жаңа техникалық күрделі нысандардың бүкіл өмірлік циклі цифрлық форматта сүйемелденеді. 2029 жылға қарай мұндай нысандардың 100%-ын бірыңғай цифрлық контурмен қамту көзделген.

Жүк қозғалысы толық бақыланады

Көлік және логистикада Smart Cargo жүйесін дамытуға басымдық берілмек. Басым жүк тасымалдары цифрлық паспортпен қамтамасыз етіліп, тауардың бүкіл маршруты бойынша қозғалысын бақылау мүмкіндігі пайда болады.

Сонымен бірге көлік дәліздері, өткізу бекеттері мен мультимодальды тораптарға интеллектуалды талдау жүйелері енгізіледі. Бұл инфрақұрылымдағы жүктемені бақылап, көлік кептелістері мен логистикалық «тар орындарды» жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Бизнеске цифрлық жол карталары ұсынылады

Шағын және орта кәсіпкерлік үшін цифрлық шешімдерді енгізу де жеңілдетіледі. Кәсіпорындар өздерінің цифрлық жетілу деңгейін бағалап, жеке цифрландыру жол карталарын ала алады.

Салық саласында процестерді барынша автоматтандыру жоспарланған. Мемлекет салықтық әкімшілендірудің интеллектуалды моделіне көшіп, салық төлеушілердің қосымша әрекеттерін азайтуды көздеп отыр.

Қаржы секторында 2028 жылға қарай екінші деңгейдегі банктердің кемінде 80%-ын қорғалған цифрлық ақпарат алмасу жүйесіне қосу жоспарланған.

IT экспорты 50%-ға ұлғаяды

Қазақстан отандық IT-индустрияны дамытуға да ерекше мән беріп отыр. 2029 жылға қарай IT-қызметтер мен цифрлық шешімдер экспортын кемінде 50%-ға арттыру мақсаты қойылған.

Бұл бағытта робототехника бойынша өңірлік құзырет орталықтарын дамыту және коммерциялық жобалар жүзеге асыратын отандық IT-интеграторларды қолдау қарастырылған.

Цифрлық инфрақұрылымды күшейту үшін «ДӨО алқабы» жобасы жүзеге асырылады. Оның негізгі міндеттері – халықаралық технологиялық және бұлтты компанияларды тарту, заманауи есептеу қуаттарын орналастыру және елдегі деректерді өңдеу мүмкіндіктерін кеңейту.

Жалпы, Үкіметтің жаңа жоспары цифрландыруды жекелеген мемлекеттік қызметтермен шектемей, экономика мен қоғамның негізгі салаларына жасанды интеллектіні жүйелі түрде енгізуге бағытталған. Басты мақсат – цифрлық технологиялар арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, бизнестің өнімділігін көтеру және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту.

Ұқсас материалдар