Қазақстанда апатқа жиі ұшырайтын жүргізушілер үшін автосақтандыру қымбаттауы мүмкін
Қазақстанда міндетті автосақтандыру құнын есептеу тәсілін өзгерту жоспарланып отыр. Енді полис бағасы тек базалық тарифке ғана емес, нақты жүргізушінің жеке тәуекел деңгейіне де байланысты болады. Тиісті ұсыныстар Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының жобасына енгізілген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, сақтандыру компаниялары жүргізушілердің жеке скоринг жүйесін қолдана алады. Бұл ретте Бірыңғай сақтандыру және мемлекеттік деректер базаларындағы ақпарат пайдаланылмақ.
Полис құнын есептеу кезінде сақтандыру шығындарының тарихы, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері, көлік жүргізу мәнері, жүргізушінің жасы мен өтілі, автокөліктің жүріп өткен қашықтығы, пайдалану режимі және көлік қолданылатын өңір ескеріледі.
Осылайша, жол ережесін сақтайтын және тәуекел деңгейі төмен жүргізушілер сақтандыру полисін тиімдірек бағамен ала алады. Ал апатқа жиі түсетін немесе ереже бұзу көрсеткіші жоғары жүргізушілер үшін полис құны өсуі мүмкін.
Сонымен қатар сақтандыру компаниялары клиентке полис бағасына әсер еткен негізгі факторларды түсіндіруге міндеттеледі. Автокөлік иелеріне тәуекелді бағалау нәтижесіне шағымдану және оны қайта қарату мүмкіндігі беріледі.
Жаңа жүйеге көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде скорингтің полис құнына әсері қолданыстағы тарифтен ±20% шегінде шектеледі. Бұл жаңа модельдерді сынақтан өткізіп, қажетті статистиканы жинауға мүмкіндік береді.
Кейін бірыңғай тарифтік дәліз енгізу жоспарланып отыр. Оның шеңберінде сақтандыру компаниялары полис құнын өздері анықтай алады. Тарифтік дәліздерді реттеуші тәуелсіз актуарлық бағалау негізінде белгілеп, нарық жағдайына қарай тұрақты түрде қайта қарап отырады.
Сонымен бірге сақтандыру төлемдерін есептеу процесін ашық ету көзделіп отыр. Осы мақсатта қосалқы бөлшектердің, шығыс материалдарының және автокөлікті жөндеу жұмыстарының құнын көрсететін бірыңғай анықтамалық құру ұсынылады.
Бірыңғай ақпараттық база залалды бағалаудағы айырмашылықтарды азайтып, автокөлік иелеріне төленетін өтемақы көлемін алдын ала болжауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Жоспарланған өзгерістер сақтандыру нарығындағы шығындардың өсуімен де байланысты. 2021–2025 жылдары міндетті автосақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар көлемі 82 млрд теңгеден 118 млрд теңгеге дейін, яғни 44%-ға өскен. Ал сақтандыру төлемдері 38 млрд теңгеден 106 млрд теңгеге дейін немесе 179%-ға артқан.
Осы кезеңде шығындылық коэффициенті 51%-дан 106,8%-ға дейін көтерілген. Бұған жол-көлік оқиғалары санының өсуі де әсер етуде. 2024–2025 жылдары апаттар саны 51%-ға артып, 19 142 жағдайға жеткен. Сонымен қатар 2021–2025 жылдары автосервистер қызметі мен қосалқы бөлшектердің құны 65%-ға өскен.





