Бізге жазылыңыз:

СЖРА мен Ұлыбритания экономикалық реформалар бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді

СЖРА мен Ұлыбритания экономикалық реформалар бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Ұлыбритания экономикалық және институционалдық реформалар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.

26 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде Агенттік төрағасының орынбасары Әділ Құсманов пен Ұлыбританияның Сыртқы істер, достастық және даму министрлігінің (FCDO) Орталық Азиядағы даму жөніндегі өңірлік директоры Хейли Шарптың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Кездесуге Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорти және Астанадағы елшілік экономисі Бибігүл Жұмағұжина қатысты.

Тараптар ең алдымен статистика мен деректерді тиімді пайдалану мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, «Экономикалық даму үшін тиімді басқару» (EGED) бағдарламасы аясында Қазақстан Ұлттық статистика бюросы мен Ұлыбританияның Ұлттық статистика басқармасы арасындағы ынтымақтастыққа назар аударылды. Сонымен қатар мемлекет қатысатын компанияларды реформалау мәселелері қаралды.

Кездесуде макроэкономикалық және салық саясаты, экономиканы ырықтандыру, жекешелендіру және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бағыттары да көтерілді.

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Тараптар мамандардың біліктілігін арттыру, бірлескен зерттеулер жүргізу және мемлекеттік басқаруда деректерді талдау құралдарын кеңінен қолдану перспективаларын қарастырды.

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары қатарында мінез-құлықтық зерттеулер жүргізу, жасыл энергетика мен гидроэнергетиканы дамыту, су ресурстарын басқару, технологиялар трансфері, инновациялық кәсіпкерлікті қолдау, академиялық байланыстарды нығайту және адами капиталды дамыту аталды.

Әділ Құсманов реформаларды іске асыру кезінде халықаралық тәжірибені зерттеп қана қоймай, оны Қазақстан жағдайына бейімдеудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, деректерді пайдалану, жасанды интеллект, мінез-құлықтық зерттеулер және мемлекеттік шешімдердің тиімділігін бағалау салаларындағы заманауи тәсілдер Қазақстан үшін маңызды.

Өз кезегінде Хейли Шарп Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтіп, даму және реформалар мәселелері бойынша диалогты жалғастыруға британдық тараптың мүдделі екенін жеткізді.

Ұқсас материалдар