Биылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енген талапқа сәйкес, мотор майлары міндетті цифрлық таңбалауға жатады. Қазіргі уақытта жүйеде 6,8 миллионнан астам таңбалау коды тапсырыс беріліп, тауар айналымының 380-нен астам қатысушысы тіркелген.
Олардың басым бөлігін мотор майларын өндірушілер мен импорттаушылар құрайды.
– Бүгінгі таңда жүйеде 6,8 млн-нан астам кодқа тапсырыс беріліп, 1,6 млн-нан астам мотор майы таңбаланды. Сондай-ақ жүйеде тауар айналымының 380-нен астам қатысушысы тіркелген, – делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.
Жаңа талапқа сәйкес бөлшек сауда орындары, май ауыстыру орталықтары және автосалондар таңбаланған өнімдерді сату кезінде Data Matrix кодын міндетті түрде сканерлеуі тиіс.
Бұл код бақылау-кассалық машина арқылы оқылғаннан кейін өнім таңбалау жүйесінде автоматты түрде айналымнан шығарылады.
Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркелмеген немесе қажетті техникалық жабдықпен қамтамасыз етілмеген кәсіпкерлер таңбаланған өнімді заңды түрде сата алмайды.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте кассалық чекте таңбалау кодының көрсетілмеуі үшін жауапкершілік көзделген, – деп ескертті мамандар.
Мамандардың айтуынша, Data Matrix коды өнімнің шығу тегі, өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысы, өндірілген күні мен жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты қамтиды. Сонымен қатар код криптографиялық қорғаумен қамтамасыз етілген.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап міндетті цифрлық таңбалауға жататын өнімдер тізімі кеңейтіледі. Оған майлау материалдары мен арнайы автомобиль сұйықтықтарының бірқатар түрлері енгізіледі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, киік мүйіздері, мотор майлары, сыра және сыра сусындары міндетті таңбалауға жатады.





